Атырауда қандай мұғалімдер жұмыстан шығарылатыны айтылды

Өңірде білім беру сапасы өте төмен. Сондықтан, егер мұғалімдердің біліктілігін көтергеннен ештеңе шықпаса, онда олармен қоштасуға тура келеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы обылс әкімі Серік Шәпкеновтің өзі айтып отыр.

"Біздің өңір білім деңгейі бойынша соңғы орында тұр. Назарбаев зияткерлік мектебі, инновациялық лицейден мамандар шақырып ақылдастық. Себебі, ондағы шәкірттер барлық ресбуликалық және халықаралық олимпиадаларды жеңіп жүр. Кеңесе келе, мұғалімдердің сапалы білім бере алмайтыны анықталды. Бұл мәселені шұғыл шешу қажет" деді аймақ басшысы.

Серік Жамбылұлының айтуынша, қазір арнайы бағдарлама жасақталған екен. Оған қатысуға 50 мектеп таңдап алыныпты. Сол бойынша қай мектепте қандай пәндер нашар оқытылады, соған талдау жүргізілетін болады. Алдымен, ұстаздардың біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілмек. Ал, егер одан ештеңе шықпаса, онда олармен қош айтысуға тура келеді. 

"Жуық арада жайлы мектептер қатарын көбейту керек. Мұндай білім ұяларына балаларын бергісі келетін ата-аналар қатары өте көп екенін байқап отырмыз. Ең аз дегенде осындай 12 мектеп салуымыз қажет. Сонда білім деңгейі де көтеріледі деген сенімдемін. Бірақ, бәрінен бұрын, әрине, мұғалімнің кәсіби біліктілігін көтеру маңыздырақ" деп атап өтті облыс әкімі.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ