Атырауда инклюзивті білім беру көрсеткіші 90 пайызға жетті

Ұлттық білім беру дерекқорының мәліметіне сәйкес, өңірде ерекше білімді қажет ететін балалар саны 7052 болса, оның ішінде 5737 бала психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Облыста арнайы білім беру қызметтерін көрсететін 19 ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 9 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 3 арнайы мектеп-интернат, 1 оңалту орталығы және 1 балабақша бар. Салада 263 педагог еңбек етуде.

Облыстық арнайы мектеп-интернатында 170 бала білім алып, тәрбиеленуде.

- Мектебімізде есту және көру қабілеті зақымдалған, сондай-ақ психикалық дамуы тежелген балалар арнайы бағдарламалар бойынша оқиды. Біздің мақсатымыз – ерекше білімді қажет ететін балаларға сапалы білім беріп, қоғамға бейімдеу. Оқушыларымыз олимпиадалар мен түрлі іс-шараларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр, – деді «Облыстық арнайы мектеп-интернаты» КММ директоры Ләззат Төлепова.

Қамтылу көрсеткішіне келсек, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында бұл көрсеткіш 51 пайыз. Орта білім беру ұйымдарында қамту деңгейі 90 пайыз, ал колледждерде 72 пайызға жеткен.