Бұл туралы аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын Атырау облысында іске асыру жөніндегі өңірлік комиссия отырысында Білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев мәлімдеді.
Жиында С.Есенғалиев баяндама жасап, білім саласындағы кейбір жаңашылдықтармен бөлісті.
«Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы жүзеге асуда. Жоба арқылы облыстағы білім саласына айтарлықтай өзгеріс жасалады. Мақсат – бәсекеге қабілетті жас ұрпақтың оң бейнесін қалыптастыру.
Білім беру саласындағы менеджмент, педагогтердің кәсіби дайындығының жоғары деңгейде ұйымдастырылуы - жол картасында басымдыққа ие. Бүгінде арнайы іріктеуден өткен 40 педагог заманауи менеджмент бойынша біліктіліктерін арттырып, кадрлық резерв жасақталуда»,-деді ол.
Сонымен қатар, ол қажеттілікке байланысты облыстағы 12 мыңға жуық мұғалім керек дағдыларды қалыптастыратын түрлі курстардан өтуде екенін, дарынды оқушыларды, соның ішінде ауыл балаларын қолдау ісі жалғасатынын жеткізді.
Сондай-ақ, Ішкі саясат басқармасының басшысы Қ.Әзмұханов, Махамбет ауданының әкімі Р.Жанқылыш, Индер ауданының әкімі С.Өтеғұлов баяндама жасап, Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобаларының іске асырылу барысына тоқталды.
Өз кезегінде Облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов, «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейірім Қалауи, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов «100 жаңа есім» бойынша кітап шығару жұмысын жандандырып, кітап қорын молайту, кітапханалардағы техникалық базаны жаңарту және оқулықтарды мектеп бағдарламасына енгізу арқылы оқушылардың білімін көтеру бағытында ұсыныс айтты.
Жиын соңында өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасының орындалуы қамтамасыз етілсін. Мектеп жасындағы балаларды мәдени тәрбиемен қамту жұмысы үйлестірілсін. Мәдениет саласында қолжетімділік пен сапаны арттыру жұмыстары жүргізілсін. Жастарды қоғамдық пайдалы қызметтерге тарту ұйымдастырылсын. Жұмыстарын ұйымдастыру кезінде ауылдық жерлердегі жоспарланған іс-шараларға көбірек көңіл бөлінсін»,-деді М.Досмұхамбетов.