Атырауда белгілі ұстаз дүние салды...

Бүгін Университеттің ардагер ұстазы, отандық білім беру саласының үздігі Тасқынбаева Ермек Алдиярқызы 2024 жылғы 5 қарашада 91 жасында өмірден озды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті басқармасы, Ғылыми кеңесі, кәсіподақ ұйымы мәлім етіп, көңіл білдірді.

"Ермек Алдиярқызы бүкіл саналы ғұмырын білім саласына арнаған білікті педагог, ұстаздардың ұстазы бола білген тұлға еді. Ермек Алдиярқызы өңірімізге танымал тұлға, мемлекет қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбайұлымен бірге ұлағатты ұрпағын тәрбиелеп, өсірген берекелі отбасының анасы бола білді. Ермек Алдиярқызы 1933 жылдың 27 ақпанында Доссор кәсіпшілігінде дүниеге келіп, 1951 жылы Қосшағыл кентінде М.Лермонтов атындағы орта мектепті бітіріп, 1951-1955 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтында білім алған. Көп жылдар облыстың орта мектептерінде еңбек етті. 1967 жылдан бастап қазіргі Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетіне «Заманауи орыс тілі және оқыту әдістемесі» кафедрасында еңбек етті. Мінсіз еңбегі үшін «Халық ағарту ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» медалімен, облыстық кеңестің, облыстық маслихаттың, облыстық білім беру басқармасының, жоғары оқу орны басшылығының Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен марапатталды. Жоғары оқу орнында жұмыс жасай жүріп, ұзақ жылдар бойы қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту әдістемесі бойынша дәрістер оқыды, әдістемелік маңызы бар практикалық сабақтар жүргізді. Оқыту әдістемесін дамыту жолында озық мұғалімдердің жетістіктерін қолдады, Қызылқоға, Новогат, Индер, Махамбет, Маңғыстау аудандары мектептері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бойынша ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырды. Көп жылғы ғылыми-әдістемелік жұмыстары негізінде «Қазақ мектептеріндегі орыс тілі» журналында әдістемелік сипаттағы көптеген мақалалары жарық көрді. Ермек апайымыз әркез өзі еңбек еткен ұжымнан қол үзбей, университет пен кафедра ұйымдастырған іс-шараларға қатысып, ақыл-кеңесін айтып отырды. Ермек Алдиярқызы Тасқынбаеваның өмірден өтуіне орай мемлекет қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбайұлына, ұл-қыздарына, отбасына қайғырып көңіл айтамыз" делінген хабарламада. 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ