Атырауда балабақшадағы бір балаға бөлінетін қаржы өзгермек

Атырау облысында балабақша саласына қатысты маңызды өзгеріс талқыланып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress. Облыс әкімдігі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға бөлінетін мемлекеттік білім беру тапсырысына және ата-ана төлемақысына қатысты қаулыға өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.

Атырау облысы Білім беру басқармасының хабарлауынша, бұл өзгеріс 2026 жылға айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты. Соған сәйкес балабақшадағы бір тәрбиеленушіге ай сайын бөлінетін қаржы мөлшері қайта қаралады.

Жауапты органның мәліметінше, ұсынылып отырған өзгеріс әлеуметтік немесе экономикалық тұрғыда кері әсер етпейді. Құжат заң талаптарына сай әзірленген.

Қаулы жобасы қазір ашық талқылауға шығарылды. Қоғамдық талқылау 2026 жылғы 17 ақпанға дейін жалғасады. Осы уақытқа дейін тұрғындар өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіре алады.

Айта кетейік, бұл өзгерістер өңірдегі балабақшалардың қаржыландырылуына және ата-аналардың төлемақысына тікелей қатысты.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ