07 «тамыз», 2023 1829

Атырауда 25 мектеп пайдалануға берілмек


Оның жетеуі биыл, қалғаны келесі жылы есігін айқара ашпақ, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жалпы, аймақта биыл 7 мектеп пен 1 жапсаржай пайдалануға берілмек. Жыл соңына дейін 6450 орындық жаңа білім ошақтары ашылады. Бұл туралы "Хабар-24" мәлім етті. Қолданысқа берілетін бес мектеп облыс орталығында орналасқан. Құрылыс жұмыстарының жоспарға сай жүріп, нысанның уақытылы тапсырылуы қатаң бақылауға алынған. Ал келер жылы өңірде 18 білім ордасы ашылады деп жоспарланып отыр. Оның тоғызы «жайлы мектеп» жобасы аясында салынады. Осылайша 26 мыңнан астам оқушы жаңа мектепте білім алады.

Сонымен қатар биыл облыста «Мектепке жол» акциясы аясында 15 мыңға жуық балаға қаржылай көмек беріледі. Киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып алу үшін әр балаға 40 567 теңге бөлінген. Сондай-ақ көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына қол ұшын созу үшін білім беру басқармасы меценаттар мен кәсіпкерлерге акцияға қатысу жөнінде өтініш жолдаған.

– Бұрынғы кезде көмек киім-кешек түрінде, оқу құралы түрінде берілсе, қазір әрбір ата-ананың жеке шотына ақшалай аударылады. Бірінші кезекте атаулы көмек алатындар және басқа да категориядағы балаларға осындай қаржылай көмек берілетін болады. Ол үшін ата-аналар құжаттарын дұрыс рәсімдеп, тиісті талапқа сай мектепке тапсыру керек. Одан бөлек жыл сайын министрліктің және республика бойынша “Мектепке жол” акциясы ұйымдастырылады, – дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова.