05 Шілде, 2023 2541

Атырауда 1 қыркүйекте ерекше мектеп ашылмақ


Өңірде білім беруді дамытудың бағдарламасына сәйкес жаңа нысандарды іске қосу аясында аймақта алғаш рет «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты пайдаланылуға берілмек, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау қаласына қарасты Жаңаталап округінде бой көтерген білім беру нысанының құрылысы ағымдағы жылы аяқталды. 300 орынға есептелген мектепте балалар толыққанды күндізгі ауысыммен білім алады. Мұнда облыс аудандарынан келген балалар үшін жатақхана да бар.

Үш қабаттан тұратын мектеп-лицейінде физка, математика, информатика, химия және биология сыныптары жұмыс істейді. Оқу орны балаларға жаратылыстану-математика ғылымдарын игеруге және алғашқы әскери дайындық машықтарын тереңдетіп оқытуға басымдық жасайды, - дейді «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры Ерлан Тоқбаев.

- Бұл мектеп болашақ мамандығын әскери қызметпен байланыстырғысы келетін балаларға жақсы мүмкіндік береді. Жастарды патриоттыққа тәрбиелеу арқылы еліміздің қорғаныс саласына кадрларды ерте даярлауға арналған оқу орнында балалардың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен мұндағы оқушыларға 6 мезгіл тамақтану, төсек орны, әскери киім үлгілері, оқу-құрал саймандары мен спорттық жабдықтары тегін қарастырылған. Әзірге мұндай үлгідегі мектеп еліміздің санаулы ғана аймақтарында бар.

Ағымдағы жылдың 1-2 шілде күндері «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицейінде білім алушыларды қабылдау бойынша конкурстық іріктеу аяқталды. Әскери мектепте білім алуға ниет білдірген 500-ге жуық атыраулық оқушы екі кезеңнен тұратын емтиханға қатысты. Конкурстық іріктеудің бірінші күнінде олар қазақ тілі мен математикадан тестілеуге қатысса, екінші күні дене-шынықтыру қабілеттерін бағалаудан сынға түсті. Мектепке қабылдағандардың нәтижесі ең жоғары ұпай санына сәйкес анықталады. Емтихан нәтижесі 10 жұмыс күнінен кейін жарияланбақ.

- Биылғы оқу жылында 7-8-9 сыныпқа барлығы 120 оқушы қабылданады. Әр сыныпта 20 баладан білім алады. Яғни, екі 7 сынып, екі 8 сынып және екі 9 сынып болады. 2025 жылға қарай мектептегі бала санын 300-ге дейін жеткізу мақсаты тұр. Ата-аналар мен оқушылар жедел ақпарат алуы үшін www.sarmat.edu.kz ресми сайтын және facebook пен instagram әлеуметтік желілерінде парақшаларымызды іске қостық, - дейді мектеп директоры Ерлан Дайрабайұлы.

Айта кетейік, Атыраудағы «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты жаңа оқу жылында, яғни 1 қыркүйек күні салтанатты түрде ашылады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ