Атырау университетіне 85 жыл: Қырықтан астам ұстаз марапатталды

Облыс орталығында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 85 жылдығына арналған «Жемісті еңбек, даңқты белес, сенімді келешек» атты салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мерекелік кешке университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ардагер ұстаздар, түлектер мен қонақтар қатысты.

Салтанатты жиында Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов оқу ордасының ұжымын атаулы мерекемен құттықтап, білім және ғылым саласындағы жетістіктерге тоқталды. Сондай-ақ аймақ басшысының атынан екі адамға Құрмет грамотасы, бес адамға Алғыс хат табысталды.

Іс-шара барысында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындары мен қоғам қайраткерлерінің құттықтаулары оқылды.

Министрлік атынан 34 университет қызметкері түрлі марапаттарға ие болды. Олардың арасында «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ахмет Байтұрсынұлы», «Еңбек ардагері», «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, сондай-ақ «Тіл жанашыры», «Ғылым үздігі», «Жоғары білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломдары және министрдің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталғандар бар.

Сонымен қатар қоғам және мемлекет қайраткерлері — ҚР Журналистер одағының төрағасы Мереке Құлкенов, академик Ережеп Мәмбетқазиев, Атырау облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов сөз сөйлеп, университет ұжымына жылы лебіздерін жеткізді.

Айта кетейік, 1940 жылы құрылған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті – еліміздегі батыс өңірінің алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінде мұнда 8 мыңға жуық студент білім алып, 400-ге жуық оқытушы-профессор қызмет етеді.