Атырау сервис колледжінің 90 студенті «World skills» паспортын иеленеді

Оқу орнында 2016 жылдан бері дуалды оқыту жүйесі енгізілген, 40-қа жуық кәсіпорынмен серіктес. Сабақтардың 40% теория жүзінде, 60%-ы тәжірибе негізінде жүргізіледі,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Білім ордасында 710 студент білім алады. Өндірістік тәжірибеге барарда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан тіркеледі. Кейін қабылдаушы мекемелермен үш жақты келісімшарт бекітіледі. Бұл ретте аспаз, кондитер, наубайшы, метрдотель, тігінші, шаштараз және сатушы мамандықтары сұранысқа ие.

Колледж цехы заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Директордің өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Батима Жүнісованың айтуынша, студенттер осы құралдарды пайдалана отырып, дәріс алады.

- 2019 жылдан бері колледжде түлектер жыл сайын демонстрациялық емтихан тапсырады. Емтихан тапсырмасы «World skills» стандартына сай жасалып, әлеуметтік серіктестермен келісе отырып, колледж басшысы бекіткен тапсырмамен тапсырады. Биылғы оқу жылында 90 студент «World skills» паспортын иеленеді. Бұл түлектердің тәжіребиеден өткен кезде жұмыс орны ретінде еңбек кітапшысына жазылады, мамандығы бойынша сол мекемеде тұрақты жұмыс істейді, - деді Б.Жүнісова.

Емтихан кезінде 5 жауапты эксперт студенттердің жұмысын бақылайды. Олардың қатарында «Золото» сұлулық салонының негізін қалаушы Айгүл Сарсешова бар.

- Жыл сайын тәжірибеден өткен студенттерді жұмысқа қабылдаймыз. Өткен жылы 8 шаштаразды жұмысқа қабылдадық. Биыл 2-курс студенттерінен 15 студент және бітіруші түлектер арасынан «World skills» паспортмен 6 студент сұлулық салоныма жұмысқа орналасты, - деді А.Сарсешова.

Биыл 160 студент таңдаған мамандығы бойынша еңбекке орналасты. Бітіруші түлек Аружан Бақтығали кәсіби мамандардың қасында тәжірибе жинап, емтиханнан кейін бірден сол мекемеге жұмысқа орналасқанын айтты.

- Оқуды биыл аяқтаймын. Қазіргі уақытта «Jida» мейрамханасынан өндірістік тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналастым. Жұмысқа үйрену қиын болмады. Коледжден көптеген нәрсе үйрендім. Тәжірибелі мамандардың қасында жүріп кәсіби білімімді арттырдым, - деді А.Бақтығали