Атырау политехникалық колледж студенттерінің 80%-ы жұмысқа орналасты

Биыл Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжін 450-ден астам түлек аяқтайды. Дуалдық оқыту және практика нәтижесінде 80% студент жұмысқа орналасты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің директоры Бағыт Шеркешбаеваның айтуынша, 3-ші курстың білім алушы 175 студенті аралық аттестаттау шеңберінде WorldSkills стандарттары бойынша демонстрациялық емтихан өткен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.

- Демоэкзамен нәтижесінде болашақ мамандар біліктілігін ғана шыңдап қоймай, тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Қазіргі заман талабына сай кадрларды даярлау сапасын бағалау құралы ретінде жылда демонстрациялық емтихандар өткізіледі. Биыл 450-ден астам түлек оқуды аяқтағалы отыр,-деді Б.Шеркешбаева.

Емтихан тапсырушылардың бiлiм сапасын бағалауды әлеуметтiк серiктестерiміз-өндірістен келген тәжiрибелi мамандар мен арнайы пән оқытушыларынан құралған сарапшылар жүргiзді.

- Демонстрациялық емтиханға кәсіпорыннан бағалаушы эксперт ретінде қатысып отырмын.Колледж студенттерінің оқу кезінде алған теориялық білімін іс жүзінде тәжірибемен ұштастыру қабілетін бақылап, бағалаймыз. Бұл дағдылар болашақ жас маманның өндіріске тез бейімделуіне қажет. Жақсы нәтиже көрсеткен студенттердің арасынан 30-ға жуық студент "стажер" ретінде жұмысқа орналасып, практикалық дағдысы мен білімін өндіріс орнында шыңдауда,-деді емтихан жұмыстарын бағалаушы эксперт Мелс Рахметов.

Оқу орнын биыл бітірген түлек Алдияр Рыскалиевтың айтуынша, жұмысқа кіруіне WorldSkills паспортының көмегі тиген.

- Оқумен қатар мамандығым бойынша жұмыс жасаудамын. Былтырғы оқу жылында демонстрациялық емтихан тапсырып, «WorldSkills» паспортын алдым. Өндірістік практика кезінде ірі компаниядан өтіп, сол жерге жұмысқа орналастым. Оған себепкер болған оқытушыларым және «WorldSkills» паспортымның арқасы деп білемін. Әр жұмыстың қиындығы болады, ер азамат балғаннан кейін оғанда шыңдалуымыз керек. Жасап жатқан жұмыс орнымда қауіпсіздік шараларын тексеремін. Әрбір адамның өмірі маңызды,-деді А.Рыскалиев.