«Ақылды көзілдірік» авторы кез келген университетке түсе алады

«Ақылды көзілдірікті» ойлап тапқан оқушылардың бірі әлемнің кез-келген университетінде тегін оқуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, Атырау «Білім-Инновация» лицейінің 11-ші сынып оқушылары Хайдар Атағұлла мен Қайырхан Лұқпанов ойлап тапқан «Ақылды көзілдірік» бағдарламасы әлемнің үздік 100 жобасының қатарына енді. «Ақылды көзілдірік» Jasscience-2024 байқауынан 1-ші орын иеленді және дүниежүзіндегі ең беделді бағдарламаның бірі 100 Rise Global Winners 2024 тізіміне енді. Соның нәтижесінде жоба авторларының бірі Хайдар Атағұлла әлемнің кез-келген университетінде тегін оқуға мүмкіндік алды.

- Көзілдірік RikaAI жасанды интеллектісі арқылы жұмыс істейді. RikaAI - бұл интуитивті бағдарлама, жәй ғана саусақпен басу арқылы іске қосылады. Пайдаланушыларға құлаққап арқылы дауыстық команда беріп, өзара әрекет жасауға мүмкіндік береді. Материалын 3Д принтерден жасадық. Камера, құлаққап пен микрофонды шетелден тапсырыспен алдырттық, - деді Х.Атағұлла.

Көзілдірік төрт функция атқарады.

- Біріншісі біз білетін сhatGPT, wikipedia секілді кез келген сұраққа жауап береді. Екіншісі мәтінді сканерлеп, оқиды. Үшіншіден, жолда келе жатырғанда ондағы кедергілерді айтып отырады. Бұл арқылы көзі нашар көретін азаматтардың құлап, жарақаттануын азайтамыз. Төртіншіден, нысанға кіргенде ондағы оқиғаларды баяндап береді. Алдағы уақытта оның функцияларын көбейтіп, дамытқымыз келеді, - деді Қ.Лұқпанов.

Сәуле МАҒАУ