Сарайшықтағы «Сапар орталығы» қашан ашылады? (+ФОТО)

«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» директоры Әбілсейіт Мұқтар "Жайық шұғыласы" газетінің тілшісіне сұхбат берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

– Әбілсейіт Қапизұлы, құрылысы аяқтала келген «Сапар орталығы» музей жұмысына қандай өзгерістер әкеледі? Музейді экспозициялау жұмыстары қалай шешілді?

– Рас, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ортағасырлық Сарайшық» жобасын соңына дейін жеткізу мен арнайы визит орталықты уақытылы іске қосудың маңыздылығын баса айтты. «Сапар орталығының» құрылысы Сарайшықтың мәдени мұрасын еліміз бен шет елдерде насихаттауға жол ашады. «Сапар орталығы» тек Сарайшық қаласының ғана емес, сонымен бірге, Қазақстандағы Ұлық ұлыс – Алтын Орданың басты музейі болуы тиіс деген мақсатты ұстанып келеміз. Орталықты музейлендіру жұмыстары құрылыс басталғаннан бері жүргізілуде. Тарихшылар, ғалымдар тарапынан орталықтың сыртқы келбетін өзгерту жөнінде ұсыныс айтылды. Өйткені нысанның сыртқы келбеті ортағасырлық стильге сай келмейтін еді. Туристер «Сапар орталығына» келген кезде Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығының астанасы болған ортағасырлық Сарайшықтың көрінісін беретін, ХІV-ХV ғасырдағы шығыстық қала сәулетіне тән ғимарат болуы қажеттігі айтылды. Осы ұсынымызды Махамбет ауданының бұрынғы әкімі Ринат Бауыржанұлына жеткізіп едік. Аудан басшысының бастамасымен алғашқы қалалық дәстүрге лайықтап, ғимараттың сызбасы жасалды.

Ғимараттың ішіне келсек, бастапқыда «Сапар орталығына» келген туристер үшін сол қанатында бір үлкен зал мен оң қанатында бір конференц-зал қарастырылған болатын. Қазіргі музейімізде де көрермендер үшін тек бір ғана зал жұмыс жасап тұр. Бұлай бір залдан тұрса, ешқандай өзгеріс әкелмейтіндігін түсініп, біздер бір үлкен экспозициялық залды және қасындағы шағын бөлмелерді ұтымды пайдаланып, Сарайшықтың кезеңдерінде бай ланыстырып, 6 залға бөлдік. Кіреберіс ақпараттық стендтен, кіру карта-схемасынан, музей тарихынан басталады. Ресепшн, гардероб, күту аймағы орна ласады. Негізгі көрме залдарына келер болсақ, 1-зал Палеонтология және сақ сармат заманы, 2-зал Алтын орда кезеңі, 3-зал Қазақ хандығы кезеңі, 4-зал Ноғай Ордасы кезеңі, 5-зал Медиа-зал және соңғы 6-зал Сарайшықтың күйреуі мен қайта жаңғыруына арналған. Оң қанатында орналасқан конференц-залын келген көрермендерге арнап уақытша көрмелер өткізуге болатындай етіп ұсындық. Музей экспозициясының концепциясы толық жасақталып, министрліктен қолдау тапты. Республикалық бюджеттен «Сапар орталығының» музейін экспозициялау жұмыстарына 100 млн теңге қаражат бөлінді. Мемлекеттік порталға орналастырылып, ашық конкурс жарияланып, Қазақстандағы тәжірибелі компаниялардың бірі ұтып алды.

i

– Музей-қорықтың ғалымдары қолға алған жобаларға, жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстарға тоқталсаңыз.

– «Сарайшық» музей-қорығы қазіргі күні ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруы негізіндегі «ГУЛАГ жүйесіндегі Прорва және Астрахань лагерлері (1932-1950 жж.): тарих, естелік, тағылым» жобасын және Мәдениет және спорт министрлігі қаржыландыратын «Қазақстанның ба тыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-са райлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХV ғғ.)» жобасымен айналысып жатыр. Жобалардың ғылыми жетекшісі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұлжан Ахметова. Аталған жобалардан түсетін қаржының бір бөлігі музей-қорықтың материалдық база сын жақсартуға пайдаланылуда. Биылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған «Ортағасырлық Сарайшық (ХІІІ-ХVІ ғғ.) энциклопедиясы» жобасы Ұлттық Ғылыми Кеңестің қолдауына ие болғанымен, әзірге қаржы бөлінбеді. Яғни, ғылыми зерттеу жұмыстарының басым бағыттарына осындай ғылыми жобаларды іске асыру кіреді. Сондай-ақ өз күшімізбен екі жыл қатарынан бюджеттен еш қаржы алмастан «Хан моласы» қазбасын зерттеуді қолға алып келеміз. Осы жылдың тамыз айынан бастап Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қолдауымен «Хан моласы» қазбасының зерттеу жұмыстарына қаражат бөлініп, жұмыстар қарқын алды. Жыл басында Атырау облысы әкіміне хат жазып, әкімдіктен археологиялық зерт теу жұмыстарына бөлінетін қаржыны тұрақты туристер ағыны қалыптасқан маңызды ескерткіштерге, соның ішінде Сарайшыққа бағыттау жөнінде ұсыныс берілді. Нәтижесінде облыс көлемінде қаражат бөлініп, 2022 жылдың 15 маусым мен 15 шілде аралығында Сарайшықта археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

 

– Алтынордалық көне қаланы зерттеуге шетелдік ғалымдарды тарту бағытында қандай жұмыстар жасалуда?

– «Қазақстанның батыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХV ғғ.)» жобасы аясында 2021-2022 жылдар аралығында Сарайшықта №3 қазба орнында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар маусым-қыркүйек айларында жоба жоспарындағы «Қалаларды, ежелгі керуен жолдары мен керуен-сарайларды іздеу, тіркеу және археологиялық нысан дарды зерттеу» археологиялық барлау экспедициясы нәтижесінде анықталған археологиялық ескерткіштерді бір сызық бойымен қосқан кезде Сарайшықтан батысқа екі тармақ және оңтүстікке тағы бір жол, яғни, нақты үш жол тармағы анықталды. Оның бірі тура Сарай-Бату бағытына қарай болса, екіншісі Нарын құмының оңтүстік шетімен Қажы-Тархан бағытына қарай жүрген, үшінші жол оңтүстікке, Каспий теңізіне қарай бағыт алған. Барлау нәтижесінде алтынордалық 1 мекен, 5 тұрақ анықталды.

s

Атап айтқанда, Сарайшықтан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Алтын Орда кезеңіне тән Қарағайлы мекенінде 2022 жылдың 21 қыркүйегінде жоба аясында Қазақстан және ресейлік ғалымдардың қатысуымен «Көне керуен жолдары және оның бойындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу мәселелері» атты далалық семинар болды. Шетелдік және қазақстандық ғалымдардың, археологтардың қатысуымен өткен семинардың басты мақсаты ХІІІ-ХV ғасырлардағы Ұлы Жібек жолы бойында жаңадан анықталған алтынордалық ме кендерге ғылыми зерттеулер жүргізу, керуен жолдар тармақтарын анықтау, оларды мемлекеттік қорғауға ұсыну болды.

Екі жақты ынтымақтастық келісімшарты негізінде «Сарайшық» музей-қорығында Ұлттық биотехнология орталығының адамның популяциялық генетикасы зертханасы жетекшісі Мақсат Жабағин Сарайшықта генетикалық зерт теулер жүргізді. Сарайшық қазбасының антропологиялық материалдарынан генетикалық зерттеулер үшін алғаш рет ғылыми үлгілер алынды. Елімізге белгілі және шетелдік ғалымдармен байланыс орнатып, оларды музей-қорық жұмысына тарту арқылы да жұмыстар жүруде. З.Самашев, М.Елеуов, М.Қожа секілді елімізге танымал архе ологтар, ресейлік П.Петров, Г.Иванова, П.Кольцов деген ғалымдармен де тығыз байланыстамыз. Нумизмат П.Петров 2019 жылғы Сарайшық қазбасынан табылған алтынордалық тиындарды түгел оқып, мақала дайындады. Киім реставра торы «Хан моласынан» табылған мата қалдығын алдын ала тазарту нәтижесінде күміс түсті жіптермен өрнектер салынған қызыл барқыт матасы екенін айтқан украиналық Т.Крупа секілді ғалым маманмен де бірлесе жұмыстар жүргізілуде. Ресей, Иран, Түркия елдеріндегі архивтерге, музейлерге іссапарлар жоспарланып отыр. Сол жақтың ғалымдарымен де байланыс орнату көзделуде.

– Ортағасырлық Сарайшықты туризм аймағына айналдыру, ел ішінде және шет мемлекеттерде дәріптеу бағытындағы жұмыстар қайтсек жанданады?

– Бұл бағытта көне қала орнына жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру, ашылған нысандарды дер кезінде қорғап-қоршау, қалпына келтіру шараларын іске асыру қажет. Көрермен қызығушылығын туғызатын басты нысан екенін назарда ұстау керек. Музей экспозициясын құр тамашалағаннан археологиялық қазба орнын көзбен көргеннің әсері бөлек. Туристерді көптеп тартудың тағы бір жолы – көлемді этно-мәдени шаралар өткізу. Ұлттық сипатқа ие фестиваль, форум, сайыстар, жәрмеңкелер, ұлттық спорт ойындарын өткізу де көпшілік көрермен жинаудың, сол арқылы жарнамалаудың тиімді тәсілі болып табылады. Ел ішінде қазыналы қарттар барда ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді жаңартып, театрландырып, арнайы шара өткізбей-ақ күнделікті музей жұмысына қосу арқылы да жаңа серпіліс жасау мүмкіндігі бар. Жаңа туристік маршруттар қосу да маңызды. Бастысы сол маршруттар сапарлап келушілердің қажеттілігін өтейтіндей жабдықталуы керек.

– Қазіргі таңда музейде көрермен назарына ұсынатын қандай құнды жәдігерлер бар?

– Сарайшық музей қорығындағы жәдігерлердің 13-і – қордағы құнды жәдігерлер санатында. Жыл сайын археологиялық барлау, қазба жұмыстарынан да көптеген жәдігерлер табылып жатыр. Бұрын кездеспеген, бояуы, жасалу техникасы ерекше жәдігерлер де бар. Сондықтан жоғарыдағы санмен шектелмейтініміз белгілі. Сонымен қатар жыл сайын Сарайшықтың нумизматикалық коллекциясы жаңа тиындармен толығуда. Белгілі ғалым-нумизмат П.Петровтың көмегімен бұл орайда жаңалықтар болмақ. Сондықтан Сарайшықтың құнды жәдігерлері бар деп айтамыз.