Құрманғазыда ардагер ұстазға ескерткіш тақта орнатылды

Теңіз ауылдық округінде туған жерінде елеулі із қалдырғандарға құрмет көрсету бастау алды.

Майдангерлердің, еңбек ардагерлерінің өмір жолдары әлеуметтік желілерде жарияланып, оқырмандар тарапынан ұрпақ жадында жаңғырту мақсатындағы игі іс ретінде жылы қабылданды. Сонымен бірге, олар тұрған үйлерге Атырау ​облысы ​тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі​ комиссиямен келісіліп ескерткіш тақта қойылатын болады.

Жақсы бастаманың жаршысындай болып өткен аптада ардагер ұстаз,  Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумы Құрмет грамотасының иегері Байғазиев Фазыл тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды.

1924 жылы балықшы отбасында дүниеге келген Фазыл Иманғалиұлы еңбек жолын он жеті жасынан селолық кеңесте хатшылық қызметімен бастады. 1945 жылы Тельячидегі Жамбыл атындағы жеті жылдық мектепке мұғалім болып орналасып, кейіннен 1952 жылға дейін аудандағы К.Маркс, Крупская атындағы және Утера мектептерінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берді. 1952-89 жылдар аралығында Гагарин атындағы мектепте пән мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 1993 жылы дүние салғанға дейін Теңіз ауылында тұрды.

t

Білім беру саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен азаматтың есімін есте қалдыру мақсатында ауылдастары ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатты. Осыған арналған жиында округ әкімі Қ.Мақсотов, округ жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Карсаков жоғарыда аталған комиссиямен келісілген осындай құрмет көрсетіллетін бірнеше ардагер барын айтып, бұл істер жалғаса беретінін жеткізді. Шарада  ардагердің әріптесі Б.Малдыбаева, ұлы К.Байғзиев сөз сөйледі.

Айбек ӘНУАРҰЛЫ