Мақаттық желтоқсаншы оқиғаның қалай болғанын айтып берді...

Тәуелсіздіктің бастауы болған желтоқсан оқиғасына бүгінде – 36 жыл толды.

Дәл осы күні ел егемендігін алу үшін талай азамат қыршын кетті. Қалың қазақтың қамын ойлаған қазақ жастары болашақ үшін күресті. 

Еліміздің еркіндігі мен бостандығы жолында күрескен қанды желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері ел есінде мәңгі сақталып, уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыруы тиіс. Себебі, желтоқсан көтерілісі – намысшыл жастардың  КСРО-ның отаршыл саясатына қарсы азаттық күресі еді. 

Осы орайда «Мақат маңайынан...» атты айдарымыздың бүгінгі шығарылымында мұнайлы мекеннен түлеп ұшқан жерлесіміз, желтоқсаншы Жұмажан Айжарықованың ерлігі жөнінде қалам тербемекпіз.

Жұмажан Төреғалиқызы 1965 жылы 23 сәуірде Мақат кентінде көпбалалы отбасында дүниеге келген. Қазіргі М.Баймұханов атындағы орта мектебінде білім алған ол, сегізінші сыныпты аяқтаған соң, Алматы қаласындағы мемлекеттік кәсіптік техникалық училищесіне оқуға түседі. Сондай-ақ, ол 1980-1993 жылдар аралығында атақты Алматы мақта-мата комбинатында жұмыс істеп, онда озат тоқымашы болады.

Азаттық үшін күресте алаңнан табылған жастардың арасында жерлесіміз Жұмажан Айжарықова да бар еді. Сол жылы небәрі 21 жаста болған оған «алаңға жастарды шақырып ұйымдастырды, тәртіпсіздікке қарсы мемлекетке шығын келтірді» деген айып тағылып, қамауға алынады.

«Басты алаңда толқулар басталғанда, біз артта қала алмадық. Себебі, бәріміздің мақсатымыз – әділдік үшін күресу еді. 1986 жылдың 17 желтоқсанында АХБК аталатын тігін фабрикасындағы белсенді қыздардың бірі болған мен айналама сөзім өтетін болғандықтан қыздарды ертіп, жігіттермен бірге алаңға бардық. Онда өзіміздің талап-тілегімізді басшылыққа жеткізгіміз келді. Бірақ, біз сол күні қашып құтылдық. Араға бір күн салып тігін фабрикасына Колбин келіпті деген ақпаратты құлақ шалып,  наразылығымызды білдірейік деп қыздармен ұйымдаса бастадық. Қыздар болып біреуіміз ағаш, біреуіміз арматур, тас алып сырттағы көлікті сындырғымыз келді. Алайда, күшіміз жетпеді. Одан соң, «қыздарды бастап, көлік шағуға келді» деп менің үстімнен полицияға арыз түседі», - деді Жұмажан Айжарықова.

Ол Кеңес үкіметі қазақ жастарының қарсылығын күшпен басып алып, алаңның қызыл қанға боялғанын айтады. Иә, ызғарлы күндерді басынан өткеріп, басы-қасында жүрген желтоқсаншылар ол қаралы күнді еш естен шығарған емес. Себебі олардың сол кезеңдегі жанкештілігі – еліне, жеріне деген ерекше сүйіспеншілігі болатын.

«Одан әрі, ішкі істер органдарының өкілдері АХБК-ге келіп, бізді темір торлы көлікке отырғызып, полиция бөліміне апарды. Одан кейін соттады. Маған жеті күн берді. Бізді «Целинный» кинотеатрының салқын жертөлесінде өте ауыр жағдайда ұстады. Сонымен бірге, мезгіл-мезгіл шақырып, ұрып-соғып жауап алатын. Онда желтоқсаншы жастар көп болды»,- деп өткен күндерді еске алды кейіпкеріміз.

Сонымен қатар, ол ауыр күндерді басынан өткерген, сол күндеріне куә болған Алматыны бәрібір жақсы көретінін айтады. Себебі, сол қиын кезеңдерді өзімен бірге өткерген жалынды замандастарының қажырлы қайраты мен өжет мінезінің арқасында тәуелсіздік туы ең алғаш Алматыда тігілді дейді.

Сондай-ақ, ол бостандыққа шыққан сәтінде соттылығы жөнінде анықтама алғанын, алайда елі үшін алаңға шығып, қамауға алынған сәті үшін еш өкінбейтінін айтады.

«Қамауға алынған сәтімде небәрі 21 жаста болатынмын. Қаһарлы қыстың аязында бізді дымқыл, салқын жертөледе ұстап отырғаннан денем қатты әлсіреп, денсаулығымда ақаулар пайда болды. Соның салдарынан жұмысқа да жарамай қалдым. Қазіргі таңда әлі де ем алып тұрамын»,- дейді кейіпкеріміз.

Желтоқсаншы қыз сол кездегі соққының зардабын әлі тартып жүрсе де, қоғамда белсенді болып, адамдарға жақсылық жасауға тырысады. Ол ерікті болып, мүмкіндігінше мұқтаж отбасыларға, қарттар мен мүгедектерге қамқорлық жасайтынын жеткізді. Отбасында аяулы жар, ардақты ана Жұмажан қазіргі таңда Алматы облысы, Қарасай ауданы, Іргелі округіне қарасты Көксай ауылында тұрады.

Айта кетейік, желтоқсан оқиғасына қатысқандар 1990 жылдардың бас кезінен бері ақтала бастады. Бүгінде осынау бас көтеруге «ұлтшылдық көрініс» деп берілген саяси бағаның қате тұжырым екені мойындалды. Қазір Желтоқсан оқиғасы Кеңес Одағының құлауына пәрменді соққы берген алғашқы бас көтеру ретінде қарастырылады. Ал оқиғаның бел ортасында жүргендер қазақ жастары ресми үгіт-насихат барысында «Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескендер» деп аталып жүр.

Батыр қыз бейбіт күннің құндылығы мен намыс деген ұғымның қандай екенін жақсы біледі. Өйткені, олар желтоқсанның ызғарына қарамастан азаттық үшін күресе білді. Олардың бойындағы асқақ рухтары мен ерліктерінің арқасында бүгінде біз еңсесі биік елге айналдық.

Кейіпкеріміз қазіргі жастарға қарағанда сол заманғы жастардың патриоттық сезімі жоғары болғандығын алға тартады. Сонымен қатар, өскелең ұрпақ кешегі тарихты білуі міндет дейді.

Одан бөлек, желтоқсаншы Жұмажан қанды қақтығысқа қатысқан желтоқсаншылармен жиі кездесіп тұратындығын айта кетті. Сондай-ақ, ол сол кездегі жастардың жалынды жігерін ештеңе жасыта алмағандығын жеткізді.

«Желтоқсан оқиғасы жастардың жүрегіне жара салғаны рас. Жазықсыздан-жазықсыз өктем биліктің құрбаны болғандар қаншама? Ол кездегі азапты күндерді еске алсақ, көзімізге жас келеді. Алайда, біз үшін ел мүддесі бәрінен биік тұрды. Сондықтан, азаттық үшін алысқан күндеріміз бүгінде өткен күннің жаңғырығы болып қала бермек. Жыл сайын желтоқсан оқиғасында бірге болған замандас-құрдастарымызбен кездесіп тұрамыз. Және 16-шы желтоқсан күні гүл шоқтарымен орталық алаңға барып, боздақтар рухына тағзым етіп, құран бағыштап, дұға оқимыз»,- деп аяқтады сөзін Жұмажан Айжарықова.

Иә, ызғарлы күндердегі көтеріліске қатысып, өмірін қатерге тіккен жандардың ерліктері ешқашан ұмытылған емес. Себебі, қалың елдің қамын ойлаған намысшыл жастар мақсатына жетті. Желтоқсанның екпінімен бірге егемендігіміз келді. Ал бұл оқиға  ұлт жадынан өшпейтін, Тәуелсіздіктің алғашқы қадамы болып тарих беттерінде мәңгі қала бермек.

Ә.ҚАСЫМ

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды