Махамбет Өтемісұлына қатысты тағы бір тарихи сурет табылды

Таяуда Махамбет Өтемісұлының 1959 жылдың қараша айында қойылған алғашқы ескерткішіне қатысты сурет редакция қоржынына келіп түсті деп, хабарлайды Atpress kz. cайты
Суретте Махамбет бабамызға арналған алғашқы ескерткіштің ашылу шарасындағы сол кездегі Гурьев облысы Есбол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жұмаш Өтеғалиев бейнеленген. Медицина ғылымдарының докторы, профессор марқұм Қайыржан Әбисатовтың «Махамбет» республикалық әдеби-мәдени танымдық журналында жарияланған «Махамбет ғұмырнамасының беймәлім беттері» атты естелігінде былай деп баяндалған екен:
«Махамбетке ескерткіш қою жөнінде облыстық, аудандық партия комитеттері 1958 жылдың аяғында арнайы қаулы алған. Ескерткіш жобасы жөнінде әркімдерден әр түрлі пікірлер түсе бастайды, бірақ оны іске асыратын аудан көлемінде ол кезде ешқандай скульптор-маман болмапты. Сөйтіп жүргенде, 1959 жылдың бас кезінде аудан территориясына өз бетімен аудан кәсіпорындарын көрнекілікпен безендіру жұмыстарын жүргізуге Новиков деген әуесқой мүсінші келеді. Аудан басшыларының тапсырысы бойынша Новиков әуелі ескерткіштің жобасын, сосын сол жылы күзде скульптуралық монументті бітіреді. Жасаған жұмысына оған мәдениет бөлімі 40 мың сом мөлшерінде қаражат төлеген. Махамбетке ескерткіш қою рәсімі 1959 жылдың қараша айының екінші жартысында, күздің ызғырық суық кездерінің бірінде болған.
Ескерткіш биіктігі 2,5 м. қалындығы 25 см. тау тасынан қашалып жасалған плитка, батыс жақ бетінде Махамбеттің оқулық кітаптарда бейнеленген бет мүсін, «Ереуіл атқа ер салмай» атты өлеңінің бір шумағы, туған және опат болған жылдары қашалып көрсетілген, батыс жақ бетінде тағы бір шумақ өлеңі қашалып жазылған. Ескерткішті қоршап төртбұрышты, әр қабырғасы 5 м. 20 см. темір шарбақ қойылған». Айта кетейік, осы ескерткіш тәуелсіздік алғанға дейін тұрды. Кейін, 1995 жылы аудан тұрғындарының демеушілігімен биіктігі 12 метрлік болатын мазар тұрғызылды.
Индер ауданының энцеклопедиялық жинағында: «Ең алдымен ақын бейітінің табылуына себепші болған оралдық азамат Құрақ Бектұрғанов. Оған арғы атасы бала кезінде қорымды көрсетіп, белгісін айтып кеткен. Қазақтың белгілі ғалымы Қажым Жұмалиев пен ақын Тайыр Жароқов қозғау салумен іздестіру қолға алынып, Қ. Бектұрғанов бейітті көрсетеді. 1959 ж. Ақын бейітіне белгі қойылады. Жұмысты сол кездегі аупарткомның 1-хатшысы Жұмаш Өтеғалиев, қызметкері Жексен Бахитов ұйымдастырған», делінген.
Сол жинақта Жұмаш Өтеғалиев туралы мынадай деректер бар: Өтеғалиев Жұмаш- (1909-1971 ж) жергілікті басшы. Педагогикалық училище бітірген. 1932-33 ж. Чапаев, Есбол аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, 1941-50 ж. Қосшағыл орта мектебінің директоры, Жылыой аудандық оқу бөлімінің, облыстық Партия комитетінің сектор, бөлім меңгерушісі болған. 1950-53 ж. Мәскеуде жоғары партия мектебінде оқыған, облатком төрағасының орынбасары, 1954- 61 ж. Есбол (Индер) аудандық партия комитетінің 1-хатшысы, одан кейінгі жылдарда Индер борат кенішінде жұмыс жасаған.
Міне, Махамбет Өтемісұлының алғашқы ескерткішіне қатысты еңбек сіңірген, ақынның бейітінің табылуына, зерттелуінің басы- қасында болған азаматтың осындай қысқа ғана тарихын анықтадық. Ал, осы суреттерді Жұмаш Өтеғалиевтің немересі Нұрлыбек Өтеғалиев редакцияға ұсынған болатын. Жалпы, сайт редакциясы «Өлке тарихы» айдарымен мұратану бағытындағы материалдарды да жариялауды таяу күндері жүзеге асырмақшы.
Atpress kz.
Фотолар Жұмаш Өтеғалиевтің ұлы Бауыржанның жеке мұрағатынан алынған