Елімізде соңғы 5 жылда агросекторға қатысты 960 қылмыстық іс қозғалған

Нәтижесінде 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Бұл туралы Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында "Ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері" тақырыбында өткен кездесуде айтылды, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі. 

  Кездесуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Жәнібек Қаражанов, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлан Сүйінбаев, Атырау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат және бөлім басшылары, өңірдің фермерлері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, БАҚ және қоғам өкілдері қатысты.

 Іс-шараны Атырау облысының кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлан Сүйінбаев ашып, субсидияларды алудың заңды жолдары туралы егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саламат Амангелді өңірдің кәсіпкерлері мен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне субсидия алу жолдарын түсіндірді. Өз сөзінде ол жыл басынан бері субсидия алу жолдары туралы жүйелі ақпараттық жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Ауыл шаруашылығы өндірушілері субсидиялау саласындағы проблемалық мәселелерді зерттеу бойынша сауалнамадан өтті. 

  Айта кету керек, соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2 трлн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бес жыл ішінде бұл салада 960 қылмыстық іс қозғалып, 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.