"Доссор" атауы қайдан шыққаны анықталды

Бұл туралы Атырау облысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеу орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Доссор атауы құжаттарда ХХ ғасырдың бас кезінен бастап кездеседі. Архив деректерінде кенттің Доссор атауы «Дос» деген қазақтың моласы мен оның жанындағы «сорға» байланысты шыққан деп жазылады. Сондай-ақ, қазақтар кенттің атауын «Тұз сор» деп те атаған.

 Доссорда алғаш рет қысқа мерзімде бұрғылау жұмыстарын 1901 жылы геолог Н.С. Никитин жүргізіп, мұнай көзін табады. 1908 жылы Стахеев кент аумағындағы 4 жерде бұрғылау жасап, тартып шығару әдісімен бір ай бойы тәулігіне 500 пұттан өнім өндіреді. Мұнай өндіру 1909 жылы жазынан 1910 жылы қысына дейін Бакуден жаңа станок әкеліп құрастырғанға дейін уақытша тоқтайды. 1908 жылы бастап Доссорда бұрғылау жұмыстары тұрақты жүргізіліп, ол жерде жұмысшылар тұрғандығын ескерсек, кентінің негізі алғаш мұнай фонтаны атқылаған 1911 жылы емес, одан 3 жыл бұрын қаланды деп айтуға толық негіз бар.

 1911 жылы 29-сәуірінде «Орал-Каспий» мұнай қоғамының бұрғылау жұмыстары барысында N3 ұңғымадан алғаш мұнай фонтаны атқылайды. Аталған қоғамның басында ағылшын кәсіпкерлерінің болуы Доссорға әлемдік мұнай қауымдастығының назарын аудартты. 1912 жылы кент аумағында мұнай өндіру және бұрғылау жұмыстарымен «Орал-Каспий» мұнай қоғамы, «Эмба» мұнай өндірістік қоғамы, «Колхида» мұнай өндірістік және сауда қоғамы, «Эмба-Каспий» мұнай өндірістік қоғамы айналысты. Мұның өзі шөлді даланы бір мезетте үлкен өндіріс орынына айналдырды.

1912-1913 жылдары Доссор 4 кіші кенттен құралды. Әр қоғамның тұрғын үйлері мен шаруашылық құрылыстары бөлек-бөлек салынды. Аталған қоғамдардың ішінде 124 учаскесі бар ең үлкені «Орал-Каспий» мұнай қоғамы болды. 1913 жылы қоғамның кіші кентінде аурухана, кірпіш зауыты, телеграф кеңсесі жұмыс жасап, Үлкен Ракушаға тартылған бір мұнай құбыры болды.

 1914 жылы Доссорда мұнай өндіруден «Орал-Каспий» мұнай қоғамы мен «Эмба» мұнай өндірістік қоғамы алдыңғы орында болды. Оның алғашқысы 9692000, екіншісі 6525500 пұттан өндіріп, бөлек құбырлар арқылы Үлкен Ракушаға жөнелтіп отырды. Кент халқы 1914 жылы қаңтарында 1503 адам болса, олардың саны маусым айында 1930 жетті. Жоғары аталған санаққа кентте жер үй мен киіз үйде мекендеген 411 ер мен 387 әйелден тұратын 143 қазақ отбасы да енеді. Сондай-ақ, қазақтар кент маңындағы Жәнібек, Ащы құдық және Білеуліде де тұрып, Доссорға су тасумен қатар, өзге де мердігерлік жұмыстармен айналысты. Кенттегі дүкендерде жоқ тауарларды сатуды қазақтар ауылында тұратын татарлар жүзеге асырды. Кент өндіріс орыны болғандықтан облыстағы алғашқы автокөліктер де Доссорда болды. Мысалы, 1914 жылы «Эмба» мұнай өндірістік қоғамы «Бенц», «Мулаг» жүк және «Форд» жеңіл автокөліктерін сатып алды. Сол жылы кентте ірілі ұсақты 94 ғимараттың құрылысы аяқталады. Олардың ішінде жұмысшылар тұратын оннан астам казармалар мен үйлер, қоймалар және кірпіш зауыты болды.

 1915 жылы қыркүйегіндегі мәлімет бойынша бір ғана «Орал-Каспий» мұнай қоғамында 639 ер мен 197 әйел барлығы 836 адам еңбек етті. Олардың ішінде 24 ауруханада, 19 наубайханада, 16 полицияда, 7 поштада жұмыс жасады. 1915 жылы ақпанында кентте мектеп ашылып, 161 ұл мен қызға 2 оқытушы сабақ берді. 1916 жылы Доссордағы барлық кәсіпшіліктердің өндірген мұнай көлемі 41 млн пұтқа жетеді. 1917 жылы Доссор мен Мақат арасындағы мұнай құбырының құрылысы аяқталады. Мақаттан құбыр арқылы Доссорға алғаш мұнай айдау 1917 жылы 12 қарашасында басталды. Доссор тұрғындарына 1911 жылы бері Кама өзені бойымен Еділ және Каспий теңізі арқылы кемемен тасымалданған көкөніс өнімдері 1917 жылы қазан төңкерісінен кейін толық тоқтайды. Қазан төңкерісі кезеңінде Доссор Атырау өңіріндегі ең үлкен елді мекеннің бірі болып, тұрғындарының саны 3 мың адамнан асты.

Бүгінгі күні ескі елді мекеннің орынында Мақат ауданының Доссор кенті орналасқан.