1992 жылы Мемлекеттік ономастика комиссиясының шешімімен Гурьев облысы мен Гурьев қаласының атауы Атырау облысы және Атырау қаласы болып өзгерді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Қазақпарат мәлім етті. Жергілікті өлкетанушы-тарихшылардың айтуынша, тарихы 1640 жылдан бастау алатын қаланың бірінші атауы Төменгі Яицк (немесе Жайық) деп аталған. Орыс көпесі Гурий Назаров Жайық өзенінің бойында ағаш бекініс салған. Оның балалары Михаил, Иван және Андрей Гурьевтер бірінші болып Жайықтың балық өндірісімен айналыса бастады. Кейін бұл бекініс Яицк казак әскерінің билігіне өтті.
1647-1648 жылдар аралығында патша жарлығымен қала салынып, оны Төменгі Жайық, кейін Усть-Яицк деп атай бастады. XIX ғасырда қала Гурьев қалашығы деп, кейін қалаға айналады.
1920 жылдары қысқа уақытқа большевиктер Гурьев қаласының атауын Чапаев деп өзгерткен. Ал 1991 жылдың 4 қазанында Гурьев қалалық халық депутаттары кеңесі қала атауын Атырау деп өзгертуге шешім қабылдаған.
"Атырау" деген сөздің негізгі мағынасы: өзен сағасы тармаққа бөлінгені; сумен, топырақпен қоршалған жер алқабы; арал.
Фото: Ерлан Алтыбаев