Жылыойда бес ауылға су мұнарасын орнату жұмыстары жүргізілуде

Жылыой ауданына қарасты Қосшағыл, Тұрғызба, Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай және Майкөмген ауылдарында су мұнарасын орнату жұмыстары басталды, деп хабарлайды AtyrauPress Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған мұнара ауылдарды сумен қамтамасыз ету жүйесіндегі судың өтімі мен қысымын реттеп отыруға мүмкіндік береді. Мұнараның биіктігі 25 метр, сыйымдылығы 160 м3-ге дейін жетеді.

- Бұрын мұнда арнайы қазандарға жиналатын суларды пайдаланып келген болатын. Ол да белгілі бір сағатпен беріліп жүрді. Енді су мұнарасы арқылы ауыл тұрғындары үздіксіз сумен қамтамасыз етілетін болады. Ал, мұнараны орнату жұмыстары наурыз айында аяқталады. Қондыру жұмыстарын жасап жатқан «Nurlaifе» ЖШС, - деді аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ержан Хайноллаев.

Айта кетейік, аталған бес ауылда 13 мыңнан астам тұрғын бар.