Жылыойда «Сергек» камералары іске қосылмақ

Жылыой ауданына өткен жылы жол және қоғамдық қауіпсіздік үшін «Сергек» бейнебақылау камералар жүйесін орнату жұмыстары басталған болатын. Бақылау камералары 10 наурызда толықтай іске қосылады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, ауданға қарасты Құлсары қаласы мен ауылдық округтерге жалпы саны 518 дана тұрақты көру камерсы, 167 дана айналмалы жалпы бақылау камерасы, 27 желілік учаскеге аппараттық-бағдарламалық кешен (108 бейнекамера) және басты қиылысқа аппараттық-бағдарламалық кешен (48 бейнекамера) орнатылды.

Бейнекамералар жылдамдықты арттыру, тоқтау сызығын басу, бағдаршамның тыйым салынған түсінен өту, жол белгілерінің тыйым салынған аумақтары бойынша ереже бұзушылықтарды анықтайды.

- Камераларды басқару арқылы барлық тіркелген көліктер туралы мәліметтерді деректер орталығына жіберуге, көліктердің бірыңғай деректер базасын қалыптастыруға, белгілі бір аймақтың көлігін іздеуге, мерзімін көрсете отырып, картадан көліктің жүру бағытын қарауға, іздеудегі көліктерді анықтауға, құқық бұзушылықтың түрі, орналасқан жері, мерзімі және т.б. бойынша зерделеуден өткізуге мүмкіндік бар, - деді Жылыой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Саян Баселов.

Сондай-ақ оның айтуынша, қозғалыстағы автокөліктердің уақыты мен күнін, мемлекеттік тіркеу нөмір белгісін, бейнекадрлардың сілтемесі мен мәліметтерді мұрағатта сақтауға болады. Сонымен қатар участок бойынша көлік қозғалысының тығыздығын анықтауға да жағдай қарастырылған.