Жылыойда мыңға жуық камера орнатылмақ

Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жылыой ауданына қоғамдық бақылау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл «Сергек» бейнебақылау және ақпараттық бағдармалық кешенін орнату жұмыстары жүргізіледі. Жоспар бойынша ауданға жалпы саны 850 бейнебақылау камерасы мен 24 қиылысқа ақпараттық бағдарламалық кешені орнатылады.

- Жылыой ауданы Құлсары қаласының қылмыс оқиғасы көп орын алатын аудандарына, аулаларға, халық көп шоғырланған жерлерге, Жаңа Қаратон кентінде, сондай-ақ Қосшағыл, Тұрғызба, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай, Майкөмген ауылдық округтерінің ішіне және кіреберісіне қойылады. Жұмыстар толықтай жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде, - деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ержан Хайноллаев.

Оның айтуынша, камералар бейне-фотоға түсіре отырып, мемлекеттік тіркеу нөмірін танудың мүмкіндігіне ие. Аталған камера жылдамдықты асыру, тоқтау сызығын кесу, тыйым салынған бағдаршамға қарамай жүру, жолды белгілеу талаптарын сақтамау, қоғамдық көлік жолағында көліктердің заңсыз қозғалысы бойынша ереже бұзушылықты анықтайды.