Жыланды ауылында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының өкілдері Д.Нұрпейісова атындағы орта мектептің ұжымымен жүздесіп, құжаттың негізгі бағыттары туралы пікір алмасты, деп хабарлайды АtyrauPress.
Кездесуге коалиция жетекшісі Ерлан Хисметуллин, сондай-ақ коалиция мүшелері Есболат Кубашев, Ауез Изжанов және Берик Анесов қатысты.
Жиын барысында ұстаздарға жаңа Конституция жобасының мазмұны мен ел дамуына ықпалы кеңінен түсіндірілді. Құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ білім мен ғылым саласын дамыту сияқты маңызды бағыттарға басымдық берілгені айтылды.
Ерлан Хисметуллин өз сөзінде жаңа Конституция қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтып, елдің тұрақты дамуына жол ашатын маңызды құжат екенін атап өтті.
– Конституция – мемлекеттің басты тірегі. Сондықтан алдағы референдум – ел болашағы үшін маңызды кезең. Әрбір азамат белсенділік танытып, өз таңдауын білдіруі тиіс, – деді ол.
Өз кезегінде білім саласының өкілдері ұсынылып отырған Конституция жобасына қолдау білдіріп, ел дамуына бағытталған бастамаларды қолдайтындарын жеткізді.
Кездесу соңында қатысушылар алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырылды.