Жыл басынан бері Атырауда АИТВ инфекциясының 61 жағдайы анықталды

Бұл туралы Атырау облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығының дәрігерлері Атырау облыстық Комуникациялар қызметінде 1-желтоқсан - Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай өткен брифингте мәлімдеді.
Биыл облыста 10 айдың ішінде АИТВ инфекциясын жұқтырғандар саны 61-ге жетті. Оның бесеуі шетел азаматы.
Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда ВИЧ инфекциясы 1,8 есеге өскен. Дәлірек айтар болсақ, былтыр 37 науқас тіркелген. Айта кетерлігі, ауру жұқтырғандардың басым бөлігі ер адамдар.
Атырау облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және алдын алу орталығы директорының орынбасары Гүлнәр Омарова айтуынша, алдын алу шараларының жүргізілуіне байланысты артып отыр.
- АИТВ инфекциясымен тіркелгендердің арту себебі халықты тестілеу 10 пайызға өскен. Соның ішінде клиникалық көрсеткіштері бойынша тексерілгендер көрсеткіші 36 пайызға артты. Халық және халықтың түйінді топтары арасында АИТВ жұқпасы бойынша түсіндірме, алдын алу жұмыстарының жиілеуі нәтижесінде тестілеуден өтуге жолданған адам саны көбейген, - деді Гүлнәр Омарова.
Атырау облысында ең алғаш рет АИТВ инфекциясы 1993 жылы тіркелді. Дәрігерлердің айтуынша, АИТВ жұқпасы 3 жолмен: жыныстық, иньекциялық және анадан балаға арқылы жұғады. Қазіргі уақытта жыныстық жолмен көп таралу жағдайы көп.
Айта кетейік, облыста осы мәселеге қатысты 21-11-03 сенім телефоны жұмыс істейді. Хабарласып, қажетті ақпарат алуға мүмкіндік бар.