Жолдауда айтылған жол мәселесі Атырауға қалай әсер етеді?

Атырауда жергілікті маңыздағы жолдардан алыған 350 сынаманың 90-ы стандартқа сай емес, деп хабарлайды ATPress.kz.
«Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК АОФ директоры Дархан Сайлауовтың айтуынша, Жалпы жыл басынан бері жергілікті маңыздағы жолдардың құрылысына пайдаланылатын материалдардан 350 сынама алынып, 90 сынаманың ҚР стандарттарына сәйкес еместігі анықталған.
Дархан Сайлауов, «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК АОФ директоры:«Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы жергілікті маңызға ие 46 жолды бақылауға алды. Филиал инженерлері осы нысандарға 89 рет шығып, тексерді. 33 кемшілік анықталды, оның 10-ны өрескел. Мәселен, өрескел кемшілік Атырау қаласы Балықшы ықшам ауданынан Зарослый елді мекеніне дейінгі аралықтағы қайта жаңғыртылып жатқан 5,7 шақырым жолда анықталды.
Тексеріс барысында аталған жолдан асфальттыбетон жабындысының төменгі қабатының бұзылуы және шөгуі байқалды. Инженерлер тексеріс қорытындысы бойынша хаттама толтырды. Қазір жолдың ақау анықталған бөлігі кесіп алынып, жол қабатын қайта төсеуге дайындалуда».
Облыс көлемiндегi жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 3 052 шақырымды кұрайды. Соның iшiнде республикалық маңыздағы жол - 1125 шақырым, облыстық және аудандық маңызы бар жол 1927 шақырым, соның 1348 шақырымы (70%) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
Жандос Наурызғалиев, Атырау облысы Жолаушылар келiгi және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
«Жол қурылыс жұмыстарының сапалы орындалуы тапсырыс берушi, техникалық және авторлық кадағалаушы мекемелер тарапынан үнемi жүйелi бақылануда және жергiлiктi маныздағы жолдардың сапасын камтамасыз ету мақсатында «Ұлттық жол активтерi сапасы орталығы» облыстық филиалымен зертханалық бақылау қызметi ұйымдастырылып, тиiстi жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатта биылға Атырау облысы Жолаушылар келiгi және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 56 млн.тенге, Атырау қаласы әкiмдiгi 35 млн.теңге және Жылыой ауданы әкiмдiгiне 15 млн.теңге көлемiнде келiсiмшарт жасалды. Жалпы жергiлiктi бюджеттен 106 млн.теңге көлемiнде қаржы бөлiндi».
Еске сала кетейік, Ел Президенті соңғы Жолдауында автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігін айтып, бюджеттен бөлінген қыруар қаржы мәселені шешпей отырғанын сынға алған еді.
«Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында.