Енді Қазақстанда әйелдер 2028 жылға дейін зейнетке 61 жасында шыға алады.
Бұл қуанышты жаңалықты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында айтқан еді.
- Қоғамның талабын ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып қалады, - деді Тоқаев.
Сонмен қатар, Президент бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы жүйесін қайта қарау туралы айтты.
- Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарысын 120%-ға дейін дәйекті түрде жеткізу қажет. Бұрын қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жалпы зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Елімізде зейнет жасы біраз уақыттан бері көкейтесті мәселе болып отыр. Қазақстанда әйелдер былтырдан бері зейнетке шығу жасын төмендетуді талап етіп келеді. Естеріңізде болса, биыл тамыздың соңында бірнеше қалада осы талаппен бейбіт шеру өтті. Онда әйелдердің 63 жаста зейнетке шығуына қарсылық білдіріп, 58 жаста құрметті демалысқа шығаруды талап етіп жатты.
Зейнет жасы 2018 жылдан бері жыл сайын алты айға өсіп келеді. 2022 жылдан бастап әйелдер зейнетке 60,5 жаста шығатын болған. Бастапқы жоспар бойынша, 2027 жылға дейін бұл меже 63-ке келіп тоқтауы керек еді. Көптің титығына тиген де осы болатын.
Атыраудағы ірі мекемелердің бірінде жұмыс істейтін Алтынай Меңдіқазықызы Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауын тыңдап, қуанды.
- Мен қазір 59 жастамын. Президенттің Жолдауынан соң бейнеттің зейнетін ертерек көретін болдым деп қуандым. Бұрынғы есеп бойынша мен 62 жарым жаста зейнетке шығуым керек еді. Яғни, әлі 3,5 жыл бар болатын. Енді екі жылдан соң зейнеткер атанатын болдым. Өмірге 4 қыз әкелдім. Бәрін құтты ұясына қондырдым. Қағаз жүзінде 59 жас аз болып көрінгенімен, денсаулық бұрынғыдай жақсы емес. Жас та емеспіз ғой шынын айтқанда. Еден жуып жүргеніме биыл 15 жыл болды. Соңғы жылдары ауыр тиіп жүр. Бірақ шыдау керек. Зейнетке жету қажет, - дейді Алтынай Меңдіқазықызы.
Алтынай апай секілді ауыр жұмыс істеп, зейнеткерлікті аңсап жүрген аналар қаншама? Жұмыссыздары да жеткілікті. Олар бейнеттің зейнетін көретін жасқа жеткенде ай сайын алатын ақшасының аз болуы – тағы бір мәселе. Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиеваның айтуынша, биыл 60 жас 6 айға жасы толған әйелдер зейнеткерлікке шығады. Ал 2023 жылдың қаңтарынан бастап толық 61 жасқа толғандар зейнеткерлікке шығуға құқылы.
- Қалада зейнет жасындағы әйелдердің 63-і жұмыссыз ретінде тіркеліп тұр. Мәселен, 1961 жылы туылған 1 әйел және 1962 жылы туылған 62 әйел жұмыссыз ретінде тіркеліп, бүгінгі күні қоғамдық жұмыс атқарып жатыр. Әзрге 2028 жылға дейін неше әйел 61 жасында зейнетке шығып үлгеретіні белгісіз. Ал жалпы, Атырау қаласында 23 мыңға жуық зейнет жасындағы әйелдер бар , - дейді Н.Хабиева.
Биылдан бастап «Күміс жас» бағдарламасы қолға алынды. Оның аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтарға жұмыс орындары ашылады. «Күміс жас» жобасына қатысушылар – зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар. Бағдарлама бойынша зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтар уақытша жұмыспен қамтылады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, жоба жыл сайын 5 мың адамды қамтиды. Еңбекақысы 50% үкімет тарапынан қаржыландырылады. Алайда 30 АЕК –тен аспауы қажет.
Биыл шілде айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Атырауға келген іс-сапарында әйелдердің зейнет жасы мен зейнетақысы мәселесіне қатысты ойын айтқан еді.
- Қазіргі таңда 50 мен 60 жас аралығындағы 967 мың әйел бар. Оның 325 мыңы жұмыссыз. Тиісінше зейнетақысы да аз болады. Сондықтан министрлік осы әйелдерді жұмысқа орналастыруды қолға алып, тиісті шаралар қабылдап жатыр. Біз зейнетақы мөлшерін өсіруді қарастырып жатырмыз, - деген еді министр.
Айта кетейік, кей әйелдер зейнетке ерте шыға алады. Мәселен, 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жаста шығады. Сондай-ақ, Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған әйелдер 45 жаста зейнетке кетеді.