27 Шілде, 2022 554

Жол апаты: Атырауда жыл басынан бері 40 адам қаза тапқан

    Жол апаты: Атырауда жыл басынан бері  40 адам қаза тапқан

Атырауда жыл басынан бері жол апатынан 40 адам қаза тауып, 189 азамат әр түрлі дене жарақатын алған деп хабарлайды ATPress.kz облыстық өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Аманжол Жұмалиев баспасөз конференциясында мәлім етті.

-    Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының да, соның салдарынан қаза тауып, жарақаттанғандардың да саны күрт өсіп отыр. Жол апатының орын алуына көлік құралының жылдамдығын шамадан тыс асыру басты себеп болып отыр. 40 адамның 13-і осының кесірінен қаза тапқан. Ал қалған оқиғалар ара қашықтықты сақтамау, басып озу, қарсы бағытқа шығып кету, өз-өзінен аударылу, жаяу жүргіншіні қағу секілді себептер мен ауа-райының қолайсыздығы салдарынан орын алып отыр, - деді А.Жұмалиев.
    
Атырау облысы аумағында жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында бірнеше дөңгелек үстелдер, үндеулер және түрлі акция өтіп жатыр. Қала сыртындағы тас жолдардың жиегіне үй жануарларының 20 дана макеті орнатылуда. Сонымен қатар, республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарына 4 мобильді «Ekin PATROL», «Аркан», «Кибер-Шериф» құрылғыларын сатып алу үшін облыс әкімдігіне ұсыныстар жолданған.

Ішкі істер министірлігінің нұсқауына сәйкес апатты оқиғаның алдын алу мақсатында 25 маусым мен 31 шілде аралығында «Такси және автобус» және 19 шілде мен 18 тамыз аралығында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.