Жайық-Каспий су бассейнінде бақылау күшейтілді

Жайық-Каспий су бассейнінде «Бекіре» жедел-алдын алу акциясының күзгі кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаевтің мәліметінше, қазір жұмыс жоспары жасақталып, мобильді топтар автожол, теміржол вокзалында, базарлар мен өзге де орындарда бақылауды күшейтіп отыр.

«Жайық-Каспий бассейні аумағында «Бекіре-2022» жедел-алдын алу іс-шарасының күзгі кезеңі 10 қыркүйектен 31 қазанға дейін жалғасады. Іс-шараның мақсаты – балық және балық өнімдерін заңсыз өндіру, тасымалдау, сатып алу, өткізу және сату фактілерін анықтау және болдырмау. Осыған байланысты рейд кезінде тұрғындардан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына түсіністікпен қарау сұралады. Өйткені, заң бәрімізге ортақ. Ал мемлекет мүлкін сақтау – құқық қорғау қызметкерлерінің міндеті», - дейді Нұрым Оразбаев.

Айта кетейік, «Бекіре-2022» көктемгі іс-шарасы 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өткізілді. Құқық қорғау органдарының бірлескен рейді кезінде 247 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде заңсыз балық аулау және балық аулау ережелерін бұзудың – 225, балық өнімдерін заңсыз сатып алудың – 6, балық өнімдерін заңсыз тасымалдау және әкетудің 16 дерегі тіркелген.

Балық қорғау заңнамасын бұзушылардан 1 893 келі балық, оның ішінде 525 келі бекіре тұқымдас балық, 218 әртүрлі балық аулау, екі су көлік құралы тәркіленді. Сондай-ақ ішкі істер органының қызметкерлері құқық бұзушыларға 3 млн 540 мың 795 теңге көлемінде айыппұл салған.

Еске салайық, бұдан бұрын заңсыз балық аулаған атыраулықтарға 15 млн теңге айыппұл салынған болатын.

Фото: ytimg.com