Жастарды әскери өмірге қалай қызықтыруға болады? (сараптама)

Бұрын ұл балалардан «өскенде кім боласың?» деп сұрағанда «ғарышкер боламын» десе, қазір «блогер боламын» дейді екен. Сол секілді, бұрын жастар әскери қызметке қызықса, бүгінгі жағдай мүлде басқаша. Қызығушылықты былай қойғанда, қазір Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүргендер көп. Бұған не себеп – әскердегі әлімжеттік пе, әлде үйдегі теріс тәрбие ме? Бұл мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін AtyrauPress тілшісі сала мамандарымен тілдескен еді...

Азаматтың асыл парызы

Әрине, ел болған соң, оның құрлық пен судағы шекарасын күзетіп, халықтың тыныштығын қорғау қажет. Бұл – әр азаматтың асыл парызы. Оның үстіне, қазір әлемдегі геосаяси жағдай онша мәз емес екенін күнделікті бұқаралық ақпарат көздерінен біліп отырмыз. Ол аздай қазір ХХІ ғасырдың обасына айналып кеткен экстремизм мен терроризм де жаһан жұртын одан бетер алаңдатып тұр. Сондықтан қазір әрбір әскери маман физикалық жағынан да, ақыл-ой тұрғысынан да озық болуы керек. Қарулы күштеріміз мықты болса ғана уақытша қиындықтарға төтеп беруге болады.

– Мен әзірге «дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алып жатырмын. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде студенттерге арнап әскери кафедра ашылған. Мен де сол жерде әскери дайындықтан өтіп жатырмын. Оны аяқтаған соң, «аға лейтенант» шенін алып шығамын. Бұл – мен үшін зор мақтаныш. Өйткені, әскери салаға бала кезімнен қызығатынмын. Осылайша, еретң оқуымды бітіріп, мектепте сабақ беретін кезде жастарға тек дене тәрбиесін ғана емес, патриоттық тәрибе беруге де дайын болғым келеді. Себебі, соңғы уақытта мектепке ер мінезі жетіспей жатқаны ащы да болса шындық. Мен болашақта осы олқылықтың орнын толтырсам деймін, - дейді атыраулық студент Мерей Қанатұлы.

Расымен де, «Отан отбасынан басталады» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Әсіресе, болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеуде отбасындағы әкенің ролі өте ерекше. Бұл айтпаса да түсінікті жайт. Өкінішке қарай, бүгінгі әкелер ұлдарын әскерге дайындауға асықпайды десе де болады. Тек «біз әскерде болғанбыз, ендеше, сен де барып кел» деуден әрі аспайды. Ал, баланың батыл да батыр азамат болып қалыптасуы үшін бұл жеткіліксіз. Сонда қайтпек керек?

Қазіргі жағдайға сәл талдау жасайтын болсақ, әскерде болмаған азаматтардың балалары көп жағдайда әскерге барғысы келмейді екен. Ал, керісінше әскери тәртіптің не екенін көзбен көріп, түйсігімен түйсінген әкенің тәрбиесін көрген баланың жан-дүниесі мүлде бөлек. Ол Отан алдындағы борышын өтеуге асығып-ақ тұрады. Шынымен де, кешкі сағат онда жатып, таңғы алтыда оянудың өзі қатаң тәртіптің бір көрінісі емес пе? Сондықтан әскерге дайындық тек денсаулықтың жарамдылығымен немесе физикалық күш-қуатпен шектелмейді. Жастарға бала кезден рухани-патриоттық тәрбие беру керек. Бала ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, этиканы, мәдениетті теориялық тұрғыда емес, санасына және бойына сіңіріп өсуі қажет. Қалай болғанда да, бала ата-анасынан естігенін емес, көргенін жасайды. Мәселен, кезінде әкесі әскерден қашқан баладан не талап етуге болады? Ендеше, ең алдымен отбасы тәрбиесіндегі осал тұстар мен олықылықтардың орнын толтырған жөн.

Жанарда – мұң, бойда – үрей...

Бір сәт ойланып көрсек, қазіргі ата-аналар балаларын өз еліміздің емес, өзге мемлекеттің шекарасын қорғауға жіберіп жатқандай көрінеді. Әке-шешенің жанарынан мұң, баланың бойынан үрей байқалады. Әсіресе, аналар жағы баласын қалайда әскерге жібермес үшін неше түрлі қулық-сұмдықтарға барып жатыр. Ал, шын мәнінде, ертең ел басына «ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешетін» күн туа қалса, сол аналарды қорғайтын осы балалар емес пе? Осы ретте, біз атадан балаға аманатталып келе жатқан кең-байтақ жерімізге қызыға да қызғанып қарап отырған сырт көздер көп екенін бір сәт естен шығармауымыз керек.

Бірақ, елімізде патриоттық рухты көтеру бағытында ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ деуге тағы болмайды. Себебі, әскери бөлімдер мен жасақтарда күн сайын іргелі істер атқарылып, жарқын жобалар қолға алынуда. Солардың бірқатары Атырауда да сәтті жүзеге асып жатыр. Мысал келтірсек, биылғы оқу жылында алғаш рет «Сармат» әскери мамандандырылған лицей-мектебі өз жұмысын бастады. Осыған орай біз аталған білім ұясында басшы қызметін уақытша атқарып жүрген Ерлан Тоқпаевты әңгімеге тартқан едік.

– Елімізде ең алғаш тегін негізде білім беретін әскери мектеп Атырауда ашылып отыр. Бұл да тектен-тек жасалып жатқан дүние емес. Мақсат – ертең ержеткенде елін қорғайтын ерлерді тәрбиелеп шығару. Жасыратын несі бар, мен секілді орта және жоғары буын өкілдері әскери борышын кешегі кеңес үкіметі кезінде өтеді. Осы орайда, өткеннен де өнеге алар тұстар бар дер едім. Мәселен, бізді әскерге қазіргідей мектептен түлеп ұшарда немесе студенттік шақта емес, бала кезден дайындады. Ал, 9-сыныпты бітірген кезде арнайы тізімге алды. Содан 18 жасқа дейін денсаулығымызды тексеріп, егер ауру анықталса, тегін ем-дом жүргізді. Бүгінде дәл сондай жүйе жетіспей тұр. Қазір кішкентай тістің өзін емдету үшін қыруар қаражат керек қой. Мұны ата-аналардың бәрі бірдей қалтасы көтере бермейді. Сондықтан да болар, әскер жасындағы жеткіншектердің көбісінің денсаулығы жарамсыз, - дейді ол.

Көшеден ұстап, казармаға қамау керек пе?

Жалпы, жастардың әскери өмірге қызығушылығын арттыру үшін болашақ Отан қорғаушыларға қойылар қатаң талап пен темірдей тәртіпті жұмсартса, қалай болады? Өйткені, соңғы кезде сарбаздар арасындағы суицид, командирлер тарапынан орын алатын әлімжеттік пен ақша жинау деректері көбеймесе, азаятын емес. Оны естіген жастардың да, ата-аналардың да төбе шашы тік тұрары хақ. Ендеше, әскери-патриоттық құндылықтарды насихаттау үшін не істеу керек? Мүмкін әскерге барғысы келмейтіндерді көшеден ұстап алып, күштеп казармаға қамау керек шығар?

– Мәселе тек денсаулықта емес қой. Бүгінгі жастардың бойынан ішкі үрей мен қорқыныштың белгісі байқалады. Міне, соны жеңе білу керек. Мен әскердегі алғашқы күндерімді еске алатын болсам, алғашқы оқ атылғанға дейін менің де бойымда үрей болғаны рас. Бірақ бұл – уақытша нәрсе. Кейін адам әскери тәртіп пен талапқа бағынып, міндет пен мақсат айқындала түседі. Ал, көшедегі жастарды ұстап алып еркінен тыс әскерге жіберуге қарсымын. Физикада «қарсы күшке қарсы күш жауап береді» деген түсінік бар. Сондықтан ешкімді зорлап отансүйгіштікке баули алмаймыз. Одан да патриоттық сана-сезімін оятуға жұмыстанған жөн. Ендеше, «Сармат» мектебінің де мақсаты – осы. Мұнда негізінен балалар жаратылыстану-математикалық бағытта білім алатын болады. Сонымен бірге әскери дайындықтан да өтеді. Ертең осы мектептің оқушылары көшеде әскери киім киіп бара жатқанда, басқалары да қызығып, патриоттық рухы ояна түседі деген сенімдемін, - дейді ауған соғысының ардагері.

Айтпақшы, әскери сала қызметкерлеріне деген мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдік пен қамқорлық жылдан-жылға артып келеді. Айталық, Атырауда оларға жалақыдан бөлек үй жалдауға 45 мың теңгеден бастап жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ, әр отбасы мүшесіне тегін медициналық көмек көрсетіледі. Сол сияқты, әскерилердің балалары кезексіз балабақшаға орналаса алады.

Апта сайын  ата-анамен тілдеседі

Ал, Атыраудағы әскери бөлімдердің ахуалы нешік? Мұнда қанша сарбаз Отан алдындағы міндетін атқарып жатыр? Олардың тарапынан қандайма бір арыз-шағым бар ма? Осы және өзге де сауалдардың жауабын білмек болып біз №5546 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басшысының аға көмекшісі Ноғайбай Сапарғалиевпен жолықтық. Оның жауаптары бізді қатты таңқалдырды!  

– Мұнда қанша сарбаз барын айта алмаймын, бұл – құпия ақпарат. Көбінесе сарбаздар көршілес Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Алматы мен Түркістан өңірлерінен келеді. Көктемгі және күзгі шақырылымда олардың қатары толыға түседі. Бірақ, жаңадан келгендер бұрынғы сарбаздарға бірден қосылмайды. Олар алдымен бір айлық бейімдеу кезеңінен өтеді. Яғни, қарапайым сап түзеу, ішкі тәртіп, қару-жарақ қолдану және басқа да машықтарға үйренеді. Енді әр заманның өз кемшіліктері мен артықшылықтары болады ғой. Мәселен, бұрын ғаламтор деген атымен болған жоқ. Сарбаздар әскери саламен практикалық тұрғыда танысып, оқу-білімді молырақ меңгерді. Ал, қазір олардың телефонға телміріп отыратыны жасырын емес. Бұл тек сарбаздарға ғана емес, сіз бен бізге де қатысы бар әңгіме. Есесіне, бұрын ата-анамен, ағайын-туыспен байланысу қиынға соқты. Сарбаздардың жазған хаттары бір айдан соң ғана үйлеріне жететін. Бүгінде олар апта сайын ата-аналарымен тілдесіп тұрады. Сенбі-жексенбі және мереке күндері телефонмен сөйлесе алады. Әскердегі күндері қалай өтіп жатқанын көрсетіп, фотосурет пен бейнежазба жолдап отырамыз. Соның бәрін арнайы кітапшаға жазып, тіркеп отырамыз, - дейді ол .

Тобықтай түйін

Иә, бүгінде рухани құндылықтардың орнын материалдық игіліктер басты. Бұрын ер азаматтар елін қорғауға дайын болу үшін әскерге баратын болса, қазіргілер тек баспаналы болып, несиені жабуды ғана ойлайды. Яғни, мемлекет жағдайларын жасап берсе, әскери борышын өтеп келуі де әбден мүмкін деген сөз ғой... Бұлай жалғаса берсе, балаларын әскерге беруге түбегейлі қарсы ата-аналар бір күні наразылық шеруіне шығуы мүмкін ғой. Себебі, олардың дені жаңалықтарды ресми ақпарат көздерінен емес, әлеуметтік желіден оқып отыр. Ал, онда жалған ақпарат желдей есіп жүр. Журналистермен жағаласып жүрген блогерлер «жерден жеті қоян тапқан» жазбалары үшін заң алдында жауап бермейтіндерін біліп, ауыздарына келгенін айтуда. Олар егер бір сарбаз түшкірсе, «ауырып қалды», ал, шын мәнінде ауыра қалса, «өлім ауызында жатыр» деп бояуын арттырып жар салады. Сондықтан алыпқашпа әңгімелерден бойды аулақ ұстап, әр ата-ана ержеткен балаларын әскерге жібергені жөн-ақ.  

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ