05 Шілде, 2023 65

Жастар саябағындағы субұрқақтар жөнделіп, іске қосылды


Атырау қаласында Жастар саябағында екі жылдан бері істен шығып  тұрған субұрқақ жөнделіп,  пайдалануға берілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Саябақтағы екі субұрқаққа жуырда күрделі жөндеу жасалды. «Samgau-2030» ЖШС директорының орынбасары Дамир Кушимовтың айтуынша, олардың шахтасы суға толып, жарамсыз күйге жеткен. 

«Екеуінің де шахтасына су толған. Су құйғанмен ол жерге сіңіп кете берді. Сондықтан кафелін, электроникасын,  жаңалап, гидроизоляция жасадық. Насостарын да жаңарттық. Айта кететін нәрсе – субұрқақтарға жарықтандыру жүргіздік. Осыған дейін қаладағы барлық субұрқақтарда жарық мүлдем болмаған», - деді Д.Кушимов.

Қазір қалада жалпы 40-қа жуық субұрқақ жұмыс істеп тұр. Оның сегізі орталық алаңда орналасқан. «Samgau-2030» ЖШС-нің жұмысшылары субұрқақтардың ішін аптасына бір рет тазалап, суын ауыстырады.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА