22 Қыркүйек, 2022 3035

«Жастар көп»: Астрахань-Атырау шекарасында ұзын-сонар кезек пайда болды (+ВИДЕО)

 «Жастар көп»: Астрахань-Атырау шекарасында ұзын-сонар кезек пайда болды (+ВИДЕО)

Әлеуметтік желілерде қолданушылар Қазақстан мен Ресей шекарасында бірнеше шақырымға созылған кезектер бейнелерімен бөлісуде, деп хабарлайды AtyrauPress.kz.

«Котяевка ауылы маңындағы шекара бекетінде Ресей азаматтары мінген ондаған көлік кезекте тұр», - деп жазады әлеуметтік желі қолданушылары. Пікір білдірушілер мұндай белсенділік Ресей Федерациясы Президентінің ел азаматтарын ішінара жұмылдыру туралы мәлімдемесінен кейін байқалады деп болжайды. Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің тілшілері  шекарада болып, мән-жайды білді.

 

– «Астрахань – Атырау» шекарасында көліктердің үлкен кезегі пайда болды. Шекарадан өткендердің дені ерлер болса, солардың басым бөлігі жастар.  «Олар Қазақстанға қандай мақсатпен барады?» деген сауалымызға мән бермей, пікір білдіруден мүлде бас тартты, – дейді «Серпер» газетінің тілшісі Қанат Ғұмаров.

 

Ал, Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 24 ақпаннан бері Атырау облысына 1400-ге жуық Ресей азаматы келген.  Оның 33-і іссапармен, 966-сы жұмыс бабымен, 288-і жеке іспен, тағы екі адам оқуға келген. Ал өткен жылы шекарадан 1300 адам өткен.

Еске салайық, кеше, 22 қыркүйекте Владимир Путин Ресейде ішінара әскери жұмылдыру туралы хабарлаған болатын.  «Бұл ең алдымен қарулы күштерде қызмет еткен, белгілі бір әскери мамандықтары бар және тиісті тәжірибесі барларға әсер етеді», - деген болатын В.Путин.

Автор Л.Салимова.

Аударған Э.Мықтыбаева.

Фото Қ.Заиров.