Жас жазушы Елмұрат Ораздың “Ұлы Дала хандары” атты кітабының тұсаукесері өтті

Абай орталығында атыраулық жас жазушы Елмұрат Ораздың “Ұлы Дала хандары” атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Автордың бұл туындысына казақ тарихында өшпес із қалдырған хандар мұрасы арқау болған. Кітапқа 1465-1847 жылдар аралырында өмір сүрген қазақ хандығының 30 ханы енген. Автор әр ханның өнегелі өмірін әңгімелейді. Автор бұл шығармасын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне тарту
еткен.
- Еңбекті жазудағы мақсат - “мен қазақпын” деген әр адамның рухын тарихи тың деректер, шынайы айғақтармен ояту. Бодандықтың қамытын шешіп, басын бұғаудан босата алмаған буынның санасында сілкініс жасау. Кітаптағы хандарға қатысты хаттар, құжаттар мен еуропа картографтарының Қазақ Ордасын бейнелеген карталары соған айғақ, деді жас жазушы Елмұрат Ораз.
Айта кетейік әр тақырып аяқталатын беттің төменгі тұсына QR-код қойылған. Сол арқылы сайтқа өтіп, қазақтың таңдаулы күйлері мен жырларын тыңдауға мүмкіндік бар. Одан бөлек кітапта архивтерден алынған, хандар жазған хаттардың түпнұсқасының көшірмесі, олардың жүзік қып таққан мөрлері т.б. тың дүниелер бар. Ел тізгінін ұстаған хандардың өмірі өзгеше қырынан суреттелген.