Президнт Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын қорытындылады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл жайында телеграмдағы «bort_01» каналы жазды.
«АЛТЫНШЫ. Мен жаңа әкімшілік реформа жүргізуді тапсырдым. Басты мақсат – атқарушы билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру.
Қолданыстағы заңдар мемлекеттік органдарға толық дербестік беріп отырған жоқ. Мысалы, өз саласында нормативтік құқықтық актілер қабылдау үшін олардың құзыреті заң жүзінде бекітілуі керек.
Тапсырмалар уақтылы орындалмайды. Шешім дер кезінде қабылданбайды. Сол себепті, өзектілігін тез жоғалтады.
Әділетті әрі дамыған мемлекет құру үшін жаңа кадр саясатын жүргізу керек. Алдағы өзгерістер, ең алдымен, адам капиталына қатысты болады. Жаңа кадр саясаты меритократия және кәсібилік қағидаттарына негізделеді. Біз бірінші басшыларды осы қағидаттар бойынша тағайындаймыз.
Сонымен бірге олардың орынбасарлары қаншалықты білікті екенін саралау қажет. Өйткені тұтас салалардың және аймақтардың дамуы көбіне орынбасарлардың жұмысына байланысты болады. Вице-министр және әкім орынбасары лауазымдарына нағыз кәсіби мамандар тағайындалуға тиіс.
Мұндай қызметке жұртпен тілдесе алатын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар келуі керек. Яғни, шешім қабылдай алатын және жауапкершіліктен қорықпайтын азаматтар қажет. Олардың әділ, еңбекқор және отаншыл болуы аса маңызды.
Келесі жылы біз орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасаймыз. Бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет.
Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс. Министрліктердің өзінде «керек адамын» тағайындау үшін заң талаптарын аттап өтетін немесе қалауынша өзгертіп алатын жағдайлар бар. Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Жер инспекциясы, құқық қорғау саласы, ревизиялық комиссия және басқа да бақылау органдары жергілікті биліктің ықпалында болмауы керек. Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды.
Дарынды жастар мемлекеттік қызметке келуге құлықсыз. Аймақтарда тек сол өңірдің азаматтары жұмыс істеуі керек деген қасаң түсініктен арылу керек. Адамның білікті болуы оның туған жеріне байланысты емес. Жұмыстың нақты нәтижесімен ғана бағаланады.
Сонымен бірге квазимемлекеттік секторда тәртіп орнататын кез келді. Корпоративтік басқарудың икемді болуы – ойыңа не келсе, соны істеу деген сөз емес. Азаматтарды қызметке тағайындау барынша ашық және әділ болуға тиіс. Себебі, бұл – ең алдымен, халыққа тиесілі мекемелер.
Президент Әкімшілігі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы тағайындауларды үнемі бақылауда ұстап отыруы керек. Жеке адамдардың мүддесін көздейтін кез келген әрекетке тосқауыл қойылуға тиіс.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жеке сектордағы білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту үшін қолайлы жағдай жасауы қажет. Елімізді өркендетеміз десек, бәріміз бір ел болып күш жұмылдыруымыз керек.
Сөзімнің соңында тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Ашығын айтуымыз керек, Үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалған жоқ.
Мысалы, әбден ескірген, қажеті жоқ нормативтік актілерді жою керек екені осыған дейін де бірнеше рет айтылды, Үкіметке тиісті тапсырмалар да берілді. Соның кесірінен министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды. Бітпейтін жиналыстарға, құжатты келісу жұмысына өте көп уақыт кетеді. Министрлік және ұлттық компания басшылары нақты шешім қабылдауға келгенде, өздеріне жауапкершілік алудан бастарын алып қашады.
Ал тұтас елдің, халықтың тағдыры сол маңызды шешімге байланысты болып жататыны, өкінішке қарай, ескерілмейді. Үкімет пен Президент Әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимыл дұрыс жолға қойылмаған.
Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде.
Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды. Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін.
Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздегі экономикалық мәселелерді шешумен айналысу. Бұл – Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді.
Жалпы, Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма? Меніңше, бұл мәселелер Мемлекет басшысының Премьер-Министрмен және Парламент депутаттарымен өткізетін консультациялары кезінде мұқият талқылануы керек.
Алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі. Бұл міндеттер бүкіл ел азаматтарына қатысты. Сондықтан біз парасатты түрде, бірлігімізді сақтап, бәріміз бірге еңбек етуіміз керек.
Келесі жылдың бірінші жартысында елімізде Парламент сайлауы өтеді. Мен ұсынған саяси реформалар бағдарламасына сәйкес заң шығару билігі және жергілікті өкілді органдар сапалық тұрғыдан маңызды өзгеріске ұшырайды.
Үкімет те осы реформа үдерісінен тыс қалмауға тиіс. Бұл жұмыс бір уақытта, бір қарқынмен жүргізілуі керек. Сол себепті, мен барша Үкімет мүшелері осы мәселе жөнінде ойлануы керек деп санаймын.
Халқымыздың игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарыңыз табысты болсын» деді Президент.