Жангелдинде жоғалған Наурыз бен Мирамгүлдің денесі табылғаны туралы ақпарат тарады

 Жангелдин ауылынан жоғалған отбасы мүшелері – Наурыз бен Мирамгүлдің денесі табылғаны туралы ақпарат тарауда, деп хабарлайды AtyrauPress.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, мәйіттер Атырау қаласындағы Геолог ықшамауданында орналасқан үйдің ауласынан табылған. Дереккөздердің айтуынша, қаза болғандар зорлықпен өлтірілген болуы мүмкін.

Айтылған үйді күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев бұрын жұбайымен бірге уақытша жалдап тұрғаны туралы ақпарат бар. Тергеу нұсқасына сәйкес, аталған қылмысқа қатысты негізгі күдік осы азаматқа бағытталып отыр.

Еске салайық, осы іс бойынша күдіктілер – Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2026 жылдың 24 ақпанында Индонезияның Ломбок аралында ұсталған. Операцияны Индонезия Интерполының Ұлттық орталық бюросы, Солтүстік Ломбок полициясы және иммиграциялық қызмет бірлесіп жүргізген. Кейін олар Қазақстанға жеткізілді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер халықаралық іздеуде болып, Интерполдың «қызыл хабарламасы» тізіміне енгізілген.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіттерінің табылғаны туралы құқық қорғау органдары тарапынан ресми ақпарат жарияланған жоқ. Тергеу амалдары жалғасуда.