Жамбылдық тұрғын Атырауда 1,5 млн теңгенің есірткісін сақтаған
Атыраулық полицейлер құны 1,5 млн теңгені құрайтын синтетикалық есірткі сақтаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп «Қарасора-2023» жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында синтетикалық есірткіні аса ірі көлемде сатумен айналысқан деген күдікпен 1985 жылы туған Жамбыл облысының тұрғынын анықтады. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тексеру кезінде 15 полимерлі зип-пакеттері, жалпы салмағы 35,34 грамм есірткіге ұқсас ақ түсті ұнтақ заты бар 1 пакет, электрондық таразы, «Iphone» және «Vivo» ұялы телефондары, 144 000 теңге,701 АҚШ доллары ақша қаражаттары тәркіленген.
Сараптама қорытындысымен алынған заттын салмағы 35,34 грамм синтетикалық есірткі екені анықталды.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Аталған дерек бойынша ҚК-тің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.