«Жалақымызды өсіріңдер!» АМӨЗ-ге мердігер компания жұмысшылары наразылық білдірді

Атырау мұнай өңдеу зауытына мердігер "ҚазТурбоРемонт СК" ЖШС қызметкерлері компанияға наразылық білдіріп, жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды ATPress.kz.

Шілденің 1-і күні "ҚазТурбоРемонт СК" ЖШС қызметкерлері бағаның өсуіне және инфляцияға сәйкес жұмыс  беруші мекемеге жалақыны көтеру туралы талап қойып, жұмысын тоқтатты. Білгеніміз, зауытта жалақы өскенімен, мердігер компаниядағы қызметкелердің айлығы сол күйі өзгермеген.
«Бұл компания 2017 жылдан бастап жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша қызмет көрсететін "Атырау МӨЗ" ЖШС-нің мердігерлік компаниясы болып табылады.
"АМӨЗ" ЖШС басшылығы "КТР СО" ЖШС басшылығымен, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының және еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің өкілдерімен бірлесіп, мердігер ұйымдардың қызметкерлерімен дереу кездесу ұйымдастырды» делінген компанияның баспасөз қызметі жолдаған ресми хабардамада.
-    Әңгіме барысында қызметкерлерге іс-шараларды өткізу тәртібі мен мерзімдері туралы егжей-тегжейлі түсіндірілді, содан кейін АМӨЗ бен КТР арасындағы шарттың сомасын ұлғайтуға болады. Жасалған шартқа мұндай өзгерісті енгізуге ведомствоаралық үйлестіру органының шешімі болған кезде ғана жол берілетінін атап өту қажет, - деді баспасөз хатшысы.
Келіссөздер нәтижесінде мәселе шешілді. Қазіргі уақытта барлық қызметкерлер өз жұмыс орындарына оралып, кәсіпорын өз қызметін штаттық режимде жалғастырып жатыр.