Атырау облысында қолайсыз ауа райының салдарын жою жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, өңірде барлық қызмет екі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Синоптиктердің болжамына сәйкес, жел екпіні әзірге бәсеңдемейді, қолайсыз ауа райы 15 желтоқсанның кешіне дейін жалғасуы мүмкін. Осыған байланысты басты басымдық – тұрғындардың қауіпсіздігі мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақты жұмысын сақтау.

— Біз үшін ең бастысы — адамдардың қауіпсіздігі. Осы ретте бүлінген нысандарды жедел оқшаулау, қауіпті аумақтарға адамдардың кіруіне жол бермеу, ұшқан шатырларды жинау және демонтаж жұмыстарын қамтамасыз ету, электрмен қамтуды мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Апаттық бригадалардың тәулік бойы жұмыс істеуі қатаң бақылауда, — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар желден зардап шеккен нысандардың әкімшілігі мен салалық басқармаларға қалпына келтіру жұмыстарына қажетті есеп-қисапты шұғыл дайындау, қаржыландыру көздерін қарастыру тапсырылды. Ал кепілдік мерзімі аяқталмаған нысандардағы жөндеу жұмыстары мердігер ұйымдардың өз есебінен жүргізіледі.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстағы білім беру ұйымдары ауа райы толық тұрақталғанша онлайн оқыту форматына көшірілді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта өңірдегі жедел, коммуналдық және апаттық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеуде. Облыс әкімі тұрғындарды сабырға шақырып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге үндеді.