Үйлері өртенген атыраулықтар өрт сөндірушілерді кінәлайды

Атырауда Гаухартас ықшамауданындағы қатар тұрған қос қабатты сегіз үй өртеніп кеткені туралы жазған болатынбыз.

Өрттің себебі әлі анықталған жоқ. Ал, баспанасыз қалған тұрғындар үйдің толық өртенуіне  өрт сөндірушілерді кінәлап отыр.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.  Ондағы ақпаратта үй иелері төтеншеліктердің таңертең өртенген бір үйді толық өшірмей кетіп қалғанын айтыпты. Ал, түстен кейін іргелес үйдің бәрін жалын жалмаған. Әкімдік те  зардап шеккен тұрғындарға әзірге ешқандай көмек бере алмайтынын жеткізген.
- Сағат екі жарым шамасында өрт басталған. 15 минут ішінде пожарный келгенше сегіз үйдің бүкіл төбесі бытшыт болып, жанып кетті, - дейді қала тұрғыны Нұрлықыз Қосайқызы.   Ал, Айгүл Өтепова есімді қалалық: «Өрт сөндірушілерге «Жоғарыға барып, үш үйдің төбесін қарай қойыңыздаршы дегенде біреуі тыңдаған жоқ бізді. Ең болмағанда жарты сағат, бір сағат сол жерде болса, жеті үй аман қалар еді. Өрт сөндірушілердің тыңдамағаны кесірінен осындай жағдай болды» дейді. 
Төтеншеліктер: «Тұрғындардың сөзі орынсыз, өртті сөндірген тәжірибелі мамандар»  деп отыр. Алайда, өртті шала сөндірді деген уәж бойынша тексеру жүргізетіндерін жеткізді.
- Мұның барлығын тексеру керек. Мен өзім халықты дұрыс түсінемін. Үй өртеніп, далада қалу қазіргі уақытта өте ауыр. Біздің өрт сөндірушілерден ондай қателік кетуі мүмкін емес. Бұл олардың сөндіріп тұрған бірінші не екінші өрті емес. Он жылдан бері жұмыс жасайды. Мамандар тілсіз жаудың тұтануына электр желілеріндегі ақау себеп болуы мүмкін дейді. Өйткені, осы үйдегі кей тұрғындардың тұрмыстық техникалары күйіп кеткен. Бірақ оған ешкім мән бермеген. Десе де өрттің нақты шығу себебі сараптамадан кейін белгілі болады, - дейд  Атырау облысы ТЖД бөлім бастығы Мақсұт Есполов.