Ұлы Абайдың ұрпағы президент сайлауында дауыс берді

 Президент сайлауына Абай Құнанбайұлының ұрпағы, туған өлкесінің көркеюіне өлшеусіз үлес қосқан ауылдастарының қадірлі ақсақалы 85 жастағы Манатай Балтақайұлы қатысты.

Ақсақал бүгінде екі ұл, үш қыздан алты немере сүйіп отыр.

    "Біздің міндетіміз – таңдау жасау, жастарға үлгі көрсету, оларда патриотизм мен жауапкершілікті тәрбиелеу. Біз еліміздің болашағы үшін жауаптымыз. Сондықтан мен бүгінгі сайлауға қатысып отырмын. 85 жасыма қарамастан мен болашақ ұрпақ игілігі үшін таңдау жасадым. Еліміз өркендеп, дамыған елдердің қатарына қосылуына тілектеспін, - деді ақсақал.

Ақсақалдың өмірбаяны ғұмырлы. Ол «Ерен еңбегі үшін», «В.И.Ленин туғанына 100 жыл толуына орай», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Сонымен қатар ақсақал - Абай ауданының құрметті азаматы.

Манатай Балтақайұлы 2001 жылы қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы Айткеш Толғанбаевтың «Қатал тағдыр тәлкегі» атты өмірбаян кітабын орыс тілінен қазақшаға аударған.

Жазушы туралы естеліктер «Мұхтар әлемі» кітабында жарық көрді. Сонымен қатар облыстық, аудандық газеттерде туған өлкенің тарихы, тарихи тұлғалары, ауыл шаруашылығының дамуы туралы материалдары жарияланды.