«Түнгі қаладағы балалар»: Атырауда 100-ден аса құқық бұзушылықтар анықталды

Атырау облысында «Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық полия департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жасөспірім балалардың құқықтарын бұзу, олардың қатысуымен жасалатын қылмыстық құқық бұзушылық фактілерін анықтау, олардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу мақсатында, Атырау облысы аумағында 17-19 шілде күндері аралығында «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
"Іс-шара кезінде, атыраулық полицейлер ІІО-ның есебінде тұрған жасөспірімдер мен жайсыз отбасылардың тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тексеріп, нашақорлықтың алдын алу және жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды болдырмау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратып жатыр", - делінген хабарламада.
«Түнгі қаладағы балалар» іс-шарасының бір күнінде барлығы 102 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде:
- кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау - 6;
- кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық - 2;
- кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы бойынша 94 дерек анықталып, тиісті іс-шаралар қолданылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Мира НҰРТАЕВА