Теңіз кен орнында электр генераторларында болған өрттерге қатысты «Теңізшевройл» компаниясы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Компанияның мәліметінше, Теңізде электр генераторларында екі өрт дерегі тіркелген, алайда олар жедел түрде сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ, ал өндірістік қызмет қалыпты режимде жалғасып жатыр.
«Қызметкерлердің қауіпсіздігі – ТШО үшін басты басымдық. Компания оқиғаның түпкі себептерін белгіленген тәртіпке сәйкес анықтауда», – делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ компания өкілдері операциялық қызметтің жекелеген мәселелері бойынша қосымша түсініктеме берілмейтінін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Теңіздегі өндірістік аумақта электр жабдықтарына байланысты төтенше жағдай тіркеліп, жұмысшылар эвакуацияланғаны хабарланған болатын. Қазіргі таңда жағдай толық бақылауда.