ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәлімжан Нақпаев мәжілістің жалпы отырысында Атырау облысындағы Теңізшевройл компаниясы қызметкерлерінің өтініші бойынша сауал жолдады. Бұл туралы депутат әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялады, деп хабарлайды ATPress.kz. «Жақында «Теңізшевройл» компаниясының ірі жобасының құрылысы аяқталғалы отыр. Осыған байланысты компания қызметкерлері жұмыстан босатылатын болады. Компанияның болжамына болашақ кеңейту жобасының аяқталуына байланысты 2022 жылы шамамен 39,5 мың адамды жұмыстан босату жоспарлануда, оның ішінде 37,1 мың адам – қазақстандық кадрлар. Олардың барлығы және отбасылары тұрақты табысын жоғалтатын болады. Жұмыстан босату барлық облыстардың еңбек нарықтарына әсер етеді. Сол себепті менің сұрағым, қазір өз өңірлеріне оралатын қызметкерлерді жұмысқа орналастыру тәртібі қарастырлыған ба?» деді депутат ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында. Сондай-ақ ол бұнда қызмет ететін 2,4 мыңға жуық шетелдік азаматтың да жұмыссыз қалатынын алға тартып : «Жұмыспен қамту кезінде басымдық – біздің қызметкерлеге беріле ме жоқ әлде алдымен «қонақтарға» ма?» деп «шетелдіктер жергілікті жұмысшылардың алдын орап кетпей ме?» дегендей алаңдаушылық білдірді. «ТШО-ның бас директоры Кевин Лайонмен болған кездесу барысында Энергетика және Еңбек министрліктері ТШО компаниясымен арнайы мемарандумға отырды. Мемарандум бойынша ондағы 39 мың адамның бәрі бірдей бір кезеңде жұмыссыз қалмайды. Жұмыстан қысқарту төрт кезеңге бөлінді. Атап өтсек, 2,7 мың адам бірінші, 9 мыңы екінші, 11 мыңы үшінші, қалған 13 мыңы төртінші тоқсанда қысқаратын болады» деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов. Сондай-ақ ол жұмыссыз қалған шетелдік азаматтардың елдеріне қайтатынын атап өтті. «Атыраудағы NCOC компаниясының бірнеше жобасы бар. Босаған 17,5 мың жұмысшыны сол жерлерге жұмысқа тартып жатырмыз. Тағы бір айта кетер жайт, жұмысшылардың 40 пайызы -Атыраудың жергілікті азаматтары. Қалғандары еліміздің басқа өңірлерінен қатынап жасайтындар. Бүгінде сол азаматтардың өңірлерімен қоян-қолтық жұмыс жасап, жұмыстан босағандарды қайта даярлау мәселесін күн тәртібіне қойып отырмыз» деді Е.Тоғжанов. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжанов депутаттардың өңірлерге шығу барысында Парламент Мәжілісінің депутаттарына келіп түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері туралы ақпарат берді. Жиын барысында Мәжіліс депутаттары көптеген сұрақтар қойып, оларға тиісті жауаптар берілді. Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ