ТШО байқауы: AtyrauPress журналисі облыстық байқаудың Гран-приін иеленді

Атырауда жұмысшы мамандықтарына арналған облыстық журналистер байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Байқаудың бас жүлдесі еңбек адамының қадір-қасиетін терең аша білген AtyrauPress журналисінің материалына бұйырды.

Салтанатты марапаттау рәсімі Атырау қаласында өтіп, байқау «Теңізшевройл» компаниясының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. «Жұмысшы мамандық — мұнай-газ саласының тірегі» атты жоба аясында өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген қарапайым жандардың өмірі мен еңбегіне арналған журналистік материалдар топтастырылды.

Байқау кәсіби журналистер арасында жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлі туралы ашық пікір алмасу алаңына айналды. Қазылар алқасы жұмыстарды бағалау барысында тақырыпты ашу тереңдігіне, кейіпкер болмысын шынайы жеткізуіне және журналистік шеберлікке ерекше мән берді.

Байқау қорытындысы бойынша AtyrauPress сайтының шолушысы Динара Қанбетова Гран-при жүлдесіне лайық деп танылды. Оның еңбегі нақты дерекке негізделуімен, мазмұн тереңдігімен және еңбек адамының бейнесін тағылымды түрде көрсете білуімен жоғары бағаланды.

AtyrauPress ұжымы әріптесімізді жоғары марапатымен құттықтап, алдағы шығармашылық жолында толағай табыс пен жаңа кәсіби жетістіктер тілейді.