Тоқаев: "Жайық пен Қиғаш өзендерін тереңдету қажет"

Ел Президенті Қ.Тоқаев Атыраудағы экологиялық мәселелер мен оған жауапты орындардың олқылығын сынға алды, деп хабарлайды AtyrauPress.

 Мемлекет басшысы Жайық пен Қиғаш өзенінің тартылуы ондағы балықтардың көбеюіне кедергі болып отырғанын айтты.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

"Жайық және Қиғаш өзендерінің тартылуы күрделі мәселе болып отыр. Қазір екі өзеннің сағасындағы судың тереңдігі – небәрі 30-40 сантиметр. Бұл жағдай бекіренің уылдырық шашуына кедергі келтіруде. Сондықтан, Үкімет осы өзендердің сағасын тереңдетуді қамтамасыз етуге тиіс".

Президент сондай-ақ заңсыз балық аулау мен оған жол беріп отырған органдардың жұмысын сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 

"Құзырлы мекемелер балық қорын сақтау үшін браконьерлермен күресті күшейтуі керек. Биылдың өзінде облыста осыған қатысты 2,5 мың әкімшілік және 52 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз ауланған 14 тонна балық тәркіленді. Өкінішке қарай, осындай заңсыздық тыйылмай тұр. Бұл – табиғатты қорғауға жауапты органдардың жұмысында олқылықтар бар деген сөз".