Атырау аспаны бейне бір қара құрттардың құрсауында қалғандай кейіпке енді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау қаласы маңындағы Тасқала ауылының жеке үй тұрғындары өртенген қамыстың қап-қара қалдықтары ұшып жүргенін айтып, әлеуметтік желіге толассыз бейнежазбалар жүктеуде.
"Шарбақтың іші қамыстың күліне толып кетті. Олар ауада қалықтап ұшып жүр. Құдды қара құрттарға ұқсайды. Бұл көбелек құрты қаптаған биылғы жаздағы көрініске қатты ұқсайды" дейді Тасқала ауылының тұрғыны Арман Жәдігеров.
Айта кетейік, Атырау қаласына қарасты Кеңөзек ауылы, Каспий теңізінің жағалауындағы Тасқала ауылынан 40 шақырым жердегі және «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы өртті сөндіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегі мамандар тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ екенін айтады.