Махамбет Өтемісұлының мерейтойына арналған мүшәйра Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтіп отыр.
Мүшәйраның мақсаты – Махамбеттің ақындық қуатын өлеңдері арқылы кейінгі буынға насихаттай отырып, отаншылдық қасиетті жастардың бойына дарыту. Жас буын өкілдерінің ана тілімізге, бабадан мұраға қалған шешендік өнерге деген шығармашылық шеберлігін шыңдау. Кейінгі буынның қазіргі қазақ поэзиясына деген құштарлығын оятып, рухани тәрбиесін жетілдіру.
Сайысқа еліміздің 18-40 жас аралығындағы 19 жазба ақын қатысты. Мүшәйра ІІІ кезеңнен тұрды. І-кезеңде қатысушының Махамбет Өтемісұлының мерейтойына арналған еш жерде жарияланбаған өз өлеңін оқыды. ІІ кезеңде қатысушылар алдын ала қазылар алқасына тапсырылған Махамбеттің 10 өлеңінен үзінді оқыды. ІІІ кезең суырып салмалық қабілетті дамытуға бағытталды. Яғни, қатысушылар өздеріне берілген түрлі тақырыптар бойынша бір тақырыпқа 8-10 минут уақыт ішінде өлең жазды.
Ақындар сайысында сөз тапқырлығы, өлең мағынасының тереңдігі, шумақ ұйқасының күрделілігі, тақырыптың ашылуы, әдеби теңеу, эпитет, метафора, көркем мәтіннің орындалу шеберлігі, дауыс мәнері және тіл тазалығы мен сахна мәдениетіне назар аударылды. Сондай-ақ, талапкер ұсынған шығарма мәтіндерін жатқа, мәнерлі оқи білуі, өлеңдер көлемі 10 шумақтан, балладалар 15 шумақтан аспау қажеттігі басты талап болды.
Сайыс нәтижесінде атыраулық Асыланбек Шығыров бас жүлдені жеңіп алса, Батыс Қазақстаннан Әділет Орынбасаров І орынды, павлодарлық Жарқын Әбу ІІ орынды, маңғыстаулық Жұмагүл Мұрсал ІІІ орынды иеленді. Ал қалған қатысушылар Х.Ерғалиев, Ә.Сәрсенбаев, М.Сатыбалдиев, Ж.Нәжімеденов, Ф.Оңғарсынова, А.Ершуов, М.Отаралиев, Н.Әжіғалиев, Т.Досымов, Д.Жазықбаев, М.Неталиев, Қ.Сағиев, А.Өтегенов, Қ.Оразов, К.Нәбиева атындағы арнайы жүлдеге қол жеткізді.