Талқайрандағы тұрғын үйлер құрылысы қашан аяқталады?

Облыс әкімі Серік Шәпкенов Атырау қаласындағы құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралау барысында «Атыраужылуэлектрорталығы» АҚ-ға барды.

Мұнда облысты электрмен және Атырау қаласын жылу энергиясымен қамтитын мекеменің жұмысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

  Бүгінде стансаның белгіленген электр қуаты - 474 МВт, ал жылу қуаты - 798 Гкал/сағ-ты құрайды. Атырау жылу электр орталығының негізгі құрал-жабдықтары 11 турагрегаттан, 14 жылу қазандығынан және 1 газ турбиналық қондырғыдан тұрады. Жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында №2, №9, №11 жылу қазандықтарына және №5, №9 турбоагрегатарына күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған.

 

Бүгінде №2, №11 жылу және  №9 турбоагрегатқа жөндеу жұмыстары толық жүргізілді. Қалған қондырғылар бойынша бекітілген кестеге сәйкес жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар облыс әкімі Талқайран елді мекеніндегі «Спутник» қалашығына барды. Мұнда құрылысы әлі күнге бітпеген бес қабатты 24 тұрғын үйдің құрылыс жұмысымен танысты.

  Құрылысы 2019 жылы басталып, жоспар бойынша 2020 жылы аяқталуы қажет болған. Бүгінде құрылыс материалдарының құны 2-3 есеге өсуіне байланысты жобалық сметалық құжатқа түзету енгізу туралы облыс әкімінің бұйрығы шығып, мердігер мекеме өкілдеріне таныстырылды.

  - Құрылыс жұмыстарын күнделікті бақылауда ұстауымыз керек. Жұмыстың орындалуы туралы арнайы график бар. Сол бойынша жұмыс істеліп жатыр ма, кешігу фактісі кезікті ме соны қадағалауымыз тиіс. Қандай да бір олқылық байқалса дереу шарасын алуымыз керек. Егер жұмыс қарқыны бұлай жалғаса берсе, онда биыл бітпейді. Бүгінде осы үйдің тұрғындарынан қаншама арыз-шағым түсуде. Құрылыс уақытылы аяқталмаған соң кезек те жылжымайды. Сондықтан бұл жұмыстарды тездету керек,- деді С.Шәпкенов.

 

«Спутник» қалашығындағы жалпы аумағы 57 323 шаршы метрді құрайтын 24 тұрғын үйде 1080 пәтер бар. Бүгінде оның сыртқы құрылыс жұмыстары аяқталды.