Тұрғын үй ауласында қауіпті дрифтіні полиция тоқтатты – Атырау

Привокзальный ықшамауданындағы тұрғын үй ауласында автокөліктердің қауіпті дрифт жасағаны Атырау облысы Полиция департаментінің Оперативтік басқару орталығының бейнебақылау камераларымен тіркелді. Заң бұзушылық нақты уақыт режимінде анықталып, оқиға орнына патруль полициясы дереу жіберілді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Индора», «TargetEYE» және «Қорғау–Сергек» ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып, Оперативтік басқару орталығы қызметкерлері нақты уақыт режимінде заңсыз әрекеттерді анықтап, патрульдік құрамдарды нақты бағыттамалармен жіберуде. Бұл заң бұзушылықтарды уақытылы тоқтатуға ғана емес, ықтимал салдарын алдын алуға да мүмкіндік береді.

Мысалы, Привокзальный ықшамауданындағы бір тұрғын үй ауласында камералар автокөліктердің дрифт жасағанын тіркеді. Қауіпті маневрлер тұрғындардың, соның ішінде балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірді. Оқиға орнына дереу патруль полициясы келіп, заңсыз әрекеттерді тоқтатты.

Көлік жүргізушілерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 595-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды.

Қазіргі уақытта Атырау облысының аумағында қоғамдық қауіпсіздікке тұрақты бақылау қамтамасыз ететін 14 мыңнан астам бейнебақылау камералары жұмыс істейді. 2026 жылдың басынан бері осы жүйелер арқылы шамамен 1500 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, әрқайсысына сәйкес шаралар қолданылды.

Жанат Шаяхметова