22 Шілде, 2022 416

Сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлаған үш адам 640 мың теңге сыйақы алды

 Сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлаған үш адам 640 мың теңге сыйақы алды

Сыбайлас жемқорлық фактісін немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткен азаматтарға ынталандыру сыйлығы беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы қаласы бойынша департаменттің мәліметінше, азаматтардың 1424 сall-орталығына сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауы — сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сенім арттыруда ерекше рөл ойнайды. «1424 саll-орталықтың операторлары тәулік бойы сыбайлас жемқорлық туралы хабарламаларға және бизнеске жасалған қысымға жауап береді, шағымдарды, пікірлерді қабылдайды, консультациялық көмек көрсетеді» деп хабарлады ведомствода.

Сондай-ақ департаментте хабарлағандай, үстіміздегі жылдың ағымдағы кезеңінде 1424 сall-орталығына 28 өтініш келіп түскен. Оның 18-і «ақпаратты есепке алу кітабында» тіркелді. Олар бойынша қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы аясында жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 6 айында сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлаған үш алматылық 640 мың теңге сыйақы алды Азаматтарды көтермелеу ақпараттың шынайылығы, сондай-ақ, заңды күшіне енген сот үкімі болған кезде ғана жүзеге асырылады.

«Сыйақы сомасы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты. Пара немесе келтірілген залал сомасы 1 мың АЕК-тен (3 млн.063 мың теңге) аспайтын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлама, сыйақы 30-дан 100 АЕК-ке дейін құрайды. Көрсетілген сомадан артық – сыйақы 10% - ды құрайды, бірақ 4 мың АЕК-тен аспайды (12 млн 252 мың теңге)», - деп мәлімдеді департаментте.


Фото ашық дереккөздерден алынды.