Кеше ғана өткен кезектен тыс Президент сайлауы көп нәрсені аңғартты.
Бұл жолы елдің ерекше белсенділігін байқауға болады. Бұл не деген сөз? Өздеріңізге белгілі, өзім фракция мүшесі болып табылатын «Ақ жол» партиясы Президенттікке бірде-бір үміткер ұсынбады. Сөйтіп, бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдірді. Себебі, оның аз ғана уақытта ел алдында атқарған еңбегі өлшеусіз. Ол ел байлығының тең жартысы 162 адамның қолында екенін айтқан жоқ па? Сол монополия меншігіндегі біраз дүние біртіндеп елге қайтарылып жатыр. Демек, халықтың Президентке деген сенімі өскен.
Жалпы, биылғы сайлауға келсек, бұның алдында да заңға көптеген өзгерістер енгізіліп, олар жалпыхалықтық референдум арқылы халықтың қолдауына ие болған еді. Осы орайда, заңдағы соңғы өзгерістермен танысып шыққан әр адам болашақты өзінше болжап жүргені де жасырын емес. Әлеуметтік желіде мемлекетті болашақта Президент басқармайтыны жөнінде де көп айтылуда. Сонда кім басқарады? Халық өзін өзі басқара алмайды. Тіпті, технология дамып, мобильді басқару жүйесі енгізіледі десек те, оған көп уақыт керек болады. Қалай болғанда да, Президенттің алдында маңызды мәселелер тұрды.
Мәселен, Конституциялық монархия болып саналатын Ұлыбританияда нағыз демократия орнаған. Ал, бізде қалай? Бұрын саяси жүйеге қатысты азаматтық қоғам өз пікірін білдіруге асықпады. Басшылық қызмет мерзімін ұзарту мәселесіне қатысты да солай. Бірақ, қазір саяси бағыт сәл өзгере бастады. Оған уақыттың өзі себепші болып отыр.
Қазір мемлекетіміз суперпрезиденттік басқарудан президенттік басқаруға көшіп жатыр. Жалпы, дүние жүзінде елді Парламент басқарады, ал, Премьер-министр – орындаушы. Бірақ, менің ойымша, парламенттік басқаруға халық әзірге дайын емес. Оған уақыт керек.
Заң демекші, мәселенің бәрі заңмен реттеуге келе бермейді. Заңның күші жетпейтін де тұстары болады. Айтайық, бізде жалақыны күрт өсіріп жіберсе де, уақыт пен нарық өз өрнектерін салады. Мысалы, Бельгия мен Швейцария секілді кішкентай мемлекттердің экономикасын реттеп отыру қиындық туғызбайды. Әрі онда қала мен елдімекендердің арасы жақын, сәйкесінше байланысы да берік. Ендеше, біздің елді олармен салыстыруға келмейді.
Серік ЕРУБАЕВ,
Парламент мәжілісінің депутаты