5 мамыр күні “Атырау” спорт кешенінде "Қазақстан Барысы" турнирінің облыстық кезеңі өтті.
Бұл Астана күніне орай өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турниріне іріктеу болатын.
Турнирде Атырау қаласы мен аудандардан 16 балуан өзара мықтыны анықтады. Жарыстың ашылу салтанатында Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері мен спорт мамандары қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
“Атырау барысы - 2022” атағына қызылқоғалық балуан Сұңғат Закарияев ие болды. Сұңғат осымен алтыншы мәрте облыста үздік атанып отыр.
Екінші орынға Атырау қаласының өкілі Нұржан Байбосынов ие болса, мақаттық Әділет Сапарғалиев үздік үштікті қорытындылады. Жарыс жеңімпаздарына арнайы чемиондық белдік пен қаржылай сыйлық табыс етілді.